НТК арнасы қанды қылмысты әшкерелейді!
Бір жобада үш режиссер! Қазақстанда алғаш рет американдық жүйемен НТК арнасы жаңа туынды таспалады. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш детектив жазушы Кемел Тоқаевтың шығармасының негізінде түсірілген «Түнде атылған оқ» сериалы 16 бөлімнен тұрады.
Жамал Жақсытай, продюсер:
- Жобаның салмағы да, тақырыбы да ауыр. Бірақ көрерменге қазақ телевизиясының тарихында бұрын-соңды болмаған детектив жанрын жаңа деңгейге көрсетуге командамызбен барынша тырыстық. Өте ауыр сахналар бар. Жобаның маңыздылығын түсінгеннен кейін әртүрлі режиссерларды таңдадық. Өйткені, оқиға төрт бөлімге бөлінген. Әр бөлімді әр режиссер түсіреді. Бұл тәсіл Америкада қолданылады. Сапаны ұстау үшін осындай тәсілге бардық.
Қысқасы, жоба авторлары жаңа картина әлемге әйгілі Конан Дойлдың атақты Шерлок Холмсынан кем түспейді деп отыр. Тың туындының таспалану техникасының өзі өзгеше. Мәселен, елімізде тұңғыш рет сериалды үш режиссер түсіруде.
Олжас Нұрбай, режиссер:
- Мен американдық тәсілді арнайы қолданып көріп жатырмын. Себебі жоба үлкен, бір режиссерға беру, қиындау болуы мүмкін, сондықтан біз екі режиссер таңдадық. Олардың бір-бірмен синхронизация болуы ол менің тікелей міндетім. Біздің мақсатымыз – тек оқиғаларды көрсету емес, оқиғалар арқылы жеке бас трагедиясын көрсету.
Оқиға желісі – Матренаның қасақана адам қолынан қаза табуынан басталады.
Істі – майор Ділдәбеков, капитан Майлыбаев пен полковник Дайыров майшаммен қарауға кіріседі.
Жамал Жақсытай, продюсер:
- Жобаны бастаған кезде ашық кастинг жарияладық. Себебі ол заманның адамдарының типажы да басқадай болған. Кейіннен жабық кастинг жасап, өзіміз көздеп жүрген актерларды шақырып, солардың арасынан таңдадық. Актерлардың сол заманға сай болып, ерекше әсер қалдыруына барынша тырысып жатырмыз. Көрермен өз бағасын береді деген ойдамыз.
Ал актерлар өз кезегінде тарихи зерттеу жүргізіп, жобаға жіті дайындалғандарын айтады. Басты рөлдердің бірінде театр және кино актеры – Ермек Шынболатов.
Ермек Шынболатов, актер:
- Маған ең қатты ұнағаны сол стилистика, 60-40 жылдар, ол кезде қазіргіге қарағанда бәрі күрделі болды ғой. Мысалы, ол кезде техника қатты дамымаған, тергеушілер көбінесе адами факторларды есепке алып, зерттеу жүргізді. Менің кейіпкерім - тергеуші. Есімі Талғат, 25-30 аралығындағы интроверт адам. Негізінде, КГБ-ның адамдарын бәрі қатал деп есептейді ғой. Ал кинода біз ол түсінікті алып тастауға тырыстық. Барынша еркін, шашы бұйра жігітті сомдадым. Агрессияға көп бой алдырмайтын, физикалық тұрғыда емес, мимен жұмыс істейтін кейіпкер. Бұл оның өзі таңдап келген жұмысы емес, бұл ол жұмысқа қажеттілікпен келді.
Жұмағали Маханов, кино және театр актері:
- Біз енді қанша дегенмен сол Совет үкіметінің сол кездегі атомсферасын, сол кездегі өмірді, сол кездегі жалпы адамдардың писхологиясын бала болсақ та көріп қалдық қой, сондықтан бізге жақындау болды.
Көрермен 50-60 жылдардағы дәуірге ену үшін үлкен еңбек жасалған. Ескі реквизиттерден арнайы декорация құрылып, раритет көліктер, бутофор қарулар қолданылған. Тарихи деректер ашық айтылып, оқиға боямасыз баяндалған.
Жамал Жақсытай, продюсер:
Ол кездерден сақталған ғимараттар аз. Біз Алматы облысының маңайында түсірдік. Нақты сол кездегі ғимараттарды табу қиын. Бірақ біз оқиғаның мәнісін бұзбай, әр локацияға көңіл бөлуге тырыстық.
Телевизия тарихындағы тұңғыш тарихи криминалды детектив жақында НТК арнасынан көрсетілмек!