НТК-да – «Алаяқтар»!
НТК арнасы Қазақстандық теленарықта бұрын соңды болмаған жаңа жоба ұсынбақ! B.A.S PRODUCTION компаниясымен бірлесіп түсірілген «Мошенники» атты криминалды драма 12 сериядан тұрады.
Детектив, триллер, криминалдық драма жанрлары ұштасқан лентаның ерекшелігі - шынайы оқиғаға негізделуінде. Туынды үшін сериал авторлары кейстер мен нақты фактілерді құқық қорғаушылардан арнайы алған. Қарақшылардың қылмыстық схемаларынан бөлек телеөнімде көрермен құқық қорғау қызметкерлерінің нәтижелі жұмыстарына да куә болмақ.
Рүстем Омаров, актер, продюсер:
- Сценарийді өзіміз жаздық. Фильмде мен бұзақы топтың жетекшісі болып ойнаймын. Басында менің кейіпкерім де қарапайым адам еді. Бірақ оның тағдыры ауыр болды және ол барлығынан кек ала бастады. Ол өте қу, екі жүзді деуге болады. Оның сені алдағанын білмей, сеніп қаласың. Процесс барысында менің имиджімді өзгерттік, өйткені алаяқ оны танымас үшін стилін өзгерте алады: мұртын өсіреді немесе шашын кеседі. Мен өз кейіпкерімнің қандай болу керектігін іштей жақсы түсіндім. Соған сай дайындалдым. Осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибем арқылы кейіпкерімнің образын алып шығамын деген ойдамын.
Фильм желісі бойынша, 11 қарақшы бірігіп афералық жоспар құрады. Оның қатарында IT маманы, ұрылар, банк және полиция қызметкерлері, вебкам моделі және басқа да арбаудан алдына жан салмайтын маман иелері бар.
Фариза Ескермес, актриса:
- Өмірімде бірінші рет болып тұр енді бұндай рөл және өмірден алынған на реальных событиях. Фильмде кейіпкерім тек қана вебкам арқылы қызмет көрсетеді деп айта алмаймын. Ол сан қырлы, мәселен, кезінде ол стриптизер болған. Толығырақ білу үшін, сериалды көру керексіздер.
Фильм авторларының негізгі мақсаты – қоғамда адамдардың арбауға түсіп, алданып қалуының алдын алу.
Саида Игенбек, НТК арнасының бас директоры:
- «Мошенники» фильміне қолдау білдіруіміздің өзіндік себептері бар. Әрине, ғаламтор дамыған жиырма бірінші ғасырда жастар жағы алаяқтық әрекеттерден хабардар болғанымен, егде тартқан адамдар арбауға оңай түсіп, алданып қалуы мүмкін. Алаяқтардың қылмыстық схемаларын көрсететін бұл жоба арқылы, біз көрерменнің көзін ашқымыз келеді. Осы туындыны көргеннен кейін, адамдар қарақшылардың осындай афералық жоспарын таратып айтса, бір-бірін хабардар етсе деймін.
Айта кету керек, режиссер Олжас Нұрбай фильм үшін жалпыхалықтық кастинг жасап, 500 адамның ішінен 11 актерды арнайы таңдаған.
Олжас Нұрбай, режиссер:
- Негізі біз өзіміздің жұмысымызды өзіміз қиындатып бір күрделендіргенді жақсы көреміз. Себебі менің мақсатым: әр жоба сайын жаңа бір деңгей қою. Ол біреу үшін емес, ол өзім үшін.
Қоғамдағы өзекті тақарыпты қозғаған жобаның актерлық құрамының басым көпшілігі дебьютантар.
Тауасар Мақсат, актер:
- Менің кейіпкерім бывший банкир, алдында сондай жұмыс істеген, ол жұмыстан неше түрлі нәрсе көргеннен кейін, осындай алаяқтыққа баруға тура келеді.
Жібек Байназарова, актриса:
- Өте көп инсайд алдық, өте көп полезный информация алдық, Мошенниктер туралы, білмейсің, өзің мошенник емессің, оның рөлінде болу үшін, сен оны білу керексің, қандай екенін. Мен өзім мошенниктердің психологиясын көп изучать ете бастадым. Үйрене бастадық, олар қалай ойлайды, не үшін оған барды деген сияқты.
Азиз Абилов, актер:
- Бұл сериалды көру керек, бұл сериал өте көп адамның көзін ашады деп ойлаймын.
Алаяқтықтың нақты схемасын ашық көрсететін туынды көрерменге НТК эфирінен 2 қазан күні жол тартпақ.