НТК-да – «Алаяқтар»!
НТК-да – «Алаяқтар»!
НТК арнасы Қазақстандық теленарықта бұрын соңды болмаған жаңа жоба ұсынбақ! Жақында авантюраға толы, 12 сериядан тұратын «Мошенники» атты криминалды драманың түсірілім жұмыстары басталды.
Фильм желісі бойынша, 11 қарақшы бірігіп афералық жоспар құрады. Оның қатарында IT маманы, ұрылар, банк және полиция қызметкерлері, вебкам моделі және басқа да арбаудан алдына жан салмайтын маман иелері бар. Туынды үшін сериал авторлары кейстер мен нақты фактілерді құқық қорғаушылардан арнайы алған.
Рүстем Омаров, актер, идея авторы:
-Сценарийді өзіміз жаздық. Фильмде мен бұзақы топтың жетекшісі болып ойнаймын. Басында менің кейіпкерім де қарапайым адам еді. Бірақ оның тағдыры ауыр болды және ол барлығынан кек ала бастады. Ол өте қу, екі жүзді деуге болады. Оның сені алдағанын білмей, сеніп қаласың. Процесс барысында менің имиджім өзгереді, өйткені алаяқ оны танымас үшін стилін өзгерте алады: мұртын өсіреді немесе шашын кеседі. Мен өз кейіпкерімнің қандай болу керектігін іштей жақсы түсіндім. Соған сай дайындалдым.
Детектив, триллер, криминалдық драма жанрлары ұштасқан лентаның ерекшелігі – шынайы оқиғаға негізделуінде. Туынды авторларының негізгі мақсаты – қоғамда адамдардың арбауға түсіп, алданып қалуының алдын алу.
Саида Игенбек, «НТК» арнасының бас директоры:
-«Мошенники» фильміне қолдау білдіруіміздің өзіндік себептері бар. Әрине, ғаламтор дамыған жиырма бірінші ғасырда жастар жағы алаяқтық әрекеттерден хабардар болғанымен, егде тартқан адамдар арбауға оңай түсіп, алданып қалуы мүмкін. Алаяқтардың қылмыстық схемаларын көрсететін бұл жоба арқылы, біз көрерменнің көзін ашқымыз келеді. Осы туындыны көргеннен кейін, адамдар қарақшылардың осындай афералық жоспарын таратып айтса, бір-бірін хабардар етсе деймін.
Айта кету керек, режиссер Олжас Нұрбай фильм үшін жалпыхалықтық кастинг жасап, 500 адамның ішінен 11 актерды арнайы таңдаған. Одан бөлек, бұл криминалды драмада актриса Фариза Ескермес те бой көрсетеді.
Фариза Ескермес, актриса:
-Мансабымда бірінші рет болып тұр енді бұндай рөл және өмірден алынған на реальных событиях. Фильмде кейіпкерім тек қана вебкам арқылы қызмет көрсетеді деп айта алмаймын. Ол сан қырлы, мәселен, кезінде ол стриптиз билеген. Толығырақ білу үшін, сериалды көру керексіздер.
Алаяқтықтың нақты схемасын ашық көрсететін «Мошенники» туындысы 2023 жылдың күзінде НТК эфирінен көреременге жол тартпақ.