MEOW

НТК арнасында жаңа туынды!

НТК қоржыны жақында тағы бір тың телесериалмен толықпақ. Қоғамның ақсап тұрған тұсы – жастардың есірткіге тәуелділігін ашық көрсететін сериал «MEOW» деп аталады. Криминалды драма жанрындағы туындының идея авторы әрі режиссері Рүстем Омаров түсірілім барысында тақырыпты жан жақты зерттеп, көрерменге есірткінің барынша зиянын жеткізуді мақсат тұтқан.

 

Рүстем Омаров, идея авторы, режиссер:

  • Біздің қоғамда нашақорлыққа қызығушылық артуда. Нашақорлық жайлы кейбір жобаларымызда романтика басым. Сондықтан, оны көрген көреременде қызығушылық пайда болуы мүмкін. Ал біз оның барынша бұрыс жағын көрсетуге тырысудамыз. Бағасын көрермен бере жатар. Көп іні-қарындастарымызға сабақ болса екен, ой салса екен дейміз. Егер, 1-2 адамды жолдан қайтарсақ, демек, біздің еңбегіміздің зая кетпегені. Бұл жобаға дайындық кезінде талай оңалту орталықтарын араладық. Есірткіге тәуелді, емделіп жатқан адамдармен әңгімелестік, зерттедік. Оңай болмады.

 

Қоғам алдында  сериалдың тақырып аясының атқарар жүгі басым. Мәселен, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін арттыру, құқық қорғау органдарының оң имиджін қалыптастыру, нашақорлықтың, алкоголизмнің және темекі шегудің таралуына қарсы тұру, азаматтардың кез келген заң бұзушылыққа қатысты құқықтық мәдениетін қалыптастыру, халық арасында моральдық, этикалық және әлеуметтік-мінез-құлық нормаларын насихаттау, салауатты өмір салтын және спортты насихаттау, отбасы, дәстүр, достық, сүйіспеншілік құндылығы туралы идеяларды насихаттау.

 

Сериалдың атауы да бірден көзге түседі. Жоба авторлары туындының атауын қолданушыларға түсінікті тілмен арнайы қойған. Режиссердың айтуынша, есірткі заттарын жастар ортасында құпия сөз ретінде «мяу-мяу» деп атаған.

 

Сериалдың оқиға желісі – жетім қалған Манас, Мирас есімді ағайындылардың тағдырынан басталады. Оқиға шынайы өмірден алынған. Ағайындылардың кенжесі есірткіге елтіп кетеді. Бұл жайлы бауыры кеш біліп қалады. Сюжет осы жерден өрбиді.

 

Рүстем Омаров, идея авторы, режиссер:

  • Бұл оқиға расымен Батыста, Маңғыстау облысында болған. Үш күзетші, спортшы туралы. Олар есірткіні атымен жек көрген. Себебі соның кесірінен бірінің әкесі, бірінің сүйіктісі қайтыс болған. Сондықтан үшеуі «закладчиктерді» тауып, жазаларын беріп, интернетке жүктеген. Расымен сол кездері қылмыс азайған.

 

Сериалдағы актерлық құрам да осал емес. Берік Айтжанов, Санжар Мәди, Жандос Айбасов, Асан Мәжит шынайы өмірден алынған оқиғада төбе көрсетеді. Үш достың бірін  Жандос Айбасов сомдайды.

 

Жандос Айбасов, актер:

  • Менің кейіпкерімнің аты – Азамат. Негізі Азамат, Манас, Дима үш дос. Үшеуі де енді простой жігіттер. Ойлары түзу. Дегенмен нашақорлыққа қарсы шығу үшін, неше түрлі тәуекелдерге барады және закладка салып жүрген жігіттерді ұстап, өздері самосуд жасайды.  

Асан Мәжитке сериал туралы ұсыныс досы, әріптесі – Рүстем Омаровтан түскен. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан актер бірден келісім берген.

 

Асан Мәжит, актер:

  • Рүстеммен енді бірінші жыл емес қой. Біраз жобаларда жұмыс атқардық. Бұл енді алғашқы режиссер ретінде дебюттік жұмысы. Бір жағынан соны қолдап та келдік. Іске сәт деймін Рүстемге. Сценарист ретінде өзін дәлелдеген адам. Жалпы, Рүстем маған осы жоба жайлы айтқан кезде, мен бірден келісімімді бердім. Өйткені бұл жерде нашақарлыққа қарсы жоба болады деді. Өйткені көп жастарымыз қазір синтетикалық наркотиктерге тәуелді болып қалған. Оның алдын алу керек.

 

Есірткіні қолданудың ең қорқынышты салдарын көрсететін сериалда өнімді сату схемалары, олардың түнгі клубтарға қалай түсетіні, оның қайдан келетіні жайлы ашық айтылады. Одан бөлек, сериалда отбасы, адами құндылықтар, шынайы достық тақырыптары да қозғалады.

 

Шытырманға толы «MEOW» сериалы 4 желтоқсан күні НТК арнасынан көрерменге жол тартпақ.