Мөлдір Нұрғалиқызы, @moldirr_kozim
– Ол – жүректің актрисасы. Театрдың анасы. Тағдыры сахнаға таңылған Лидия Кденова 30 жылдан соң ғана «халық әртісі»атанды. Өнер иесіне арнап қойылған «Мама» спектаклінің премьерасындамыз.
Драма, комедия, трагедия. Өнер жолын ең алғаш «Қаладан келген қылжақбас» қойылымындағы Жамал қыздың бейнесінен бастаған Лидия бүгін де қазақ әйелінің мың сан бейнесін жасап үлгерді.
Фархат Молдағали, қоюшы-режиссер:
– Ол кісілермен менің ұстазым Маман Байсеркеұлы жұмыс жасаған да. Маман Байсеркеұлы осы театрда бас-режиссер болып тұрған кезде, Афелияны ойнаған. Қазақ театрының тарихындағы алғашқы Афелиялар. Тарихи сабақтастықты қараңыз, ұстазымыз жұмыс жасаған кезде жас актриса болған кісілермен мен келіп жұмыс жасап жатырмын. Ол кісілер міне театрымыздың анасы деңгейіне жетіп отыр.
Бұл қуанышты жаңалық тек актрисаның емес, барша өнерсүйер қауымының мерейін өсірді. «Халық әртісі» атағын алғанына қуаныш білдірген сүйікті театры өнер майталманына ерекше сый жасап, «Мама» спектаклін сахналады. Қойылым атауы тегін таңдалмаған.
Фархат Молдағали, қоюшы-режиссер:
– Осы бір пьеса дәлме-дәл сол Лидия апайымызға дәл келіп тұрғаннан кейін соны алуға тырыстық. Лидия апай бәріміздің, театрымыздың атмосферасы, анасы. Лидия апай бір күн театрға келмей қалса, орны білініп қалады. Бұл кісілердің орны біз үшін өте ерекше, өте. Сондықтан бүгінгі спектакль сол Лидия апайға тарту деп те айтуға болады.
Лидия Кәденова, Қазақстанның халық әртісі, актриса:
– Бәрі сізді театрда мама деп айтады. Бүгінгі қойылымның ерекшелігі неде болды?
– Сол мамасы бүгін балаларымен біраз енді қиындықтар көрді. Енді шынында да менің мына бүкіл 50 жыл өмірім осы балалармен өтіп жатыр ғой. Олардың да мына мен сияқты сахналық өмірі ұзақ болсын деп тілеймін.
Елдар Отарбаев, актер:
– Қандай қызықтар болды дайындық барысында?
– Лидия апай күнде етін асып, кәдімгідей қазы-қартасы бар бәрін дайындап. «Әй, балам, жүр» деп, маған өзі звондайды. Бізді тойдыртып, сахнада кәдімгі керемет күш беріп жүреді...
Актрисаның әр рөлі – өмір жолы. Кішкентай кейіпкердің өзін шынайы тағдырмен байланыстырып жасай білген сахна майталманы үшін бүгінгі спектакльдің де орны ерекше. Ананың мейірімі, күресі мен махаббаты туралы қойылым – өнерпаздың болмысын айқын ашып, дәл көрсетіп бергендей. Ал бұл кештің ең басты қонағы болып, театр анасының немересі келді.
Театр сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Лидия Каденова бүгінге дейін кино әлемінде де үлкен сұраныста. Дегенмен сахна саңлағының әттеген-айы да жоқ емес...
Лидия Кәденова, Қазақстанның халық әртісі, актриса:
– Әттеген-ай көп балам, бар... Әр адамның басында болады ол әттеген-ай. Қиналып жасайсың кішкентай рөлдің өзін.
Десе де, 30 жыл күттірген бұл атақ өнер майталманының көңілінде үлкен өкінішпен келгендей көрінді. Халық әртісі үшін ең биік деңгей – көрерменнің жүрегіне жол табу. Ал ол бұл мәртебеге әлдеқашан ие болған.