Жансая Жолдасова, @zhans.jk
Өнер қырандары - күлдіріп тұрып жылататын, әзіл айта отыра, өмірлік маңызды тақырыптарды қозғайтын театр. Биыл ұжым еліміздің 20-дан астам қаласын аралап, көрермені үшін есеп берді. Таңдалған тақырып – жанұя.
Мадияр Серікбаев, «Өнер қырандары» театрының актері:
– Өзгеруге бір қадам деп қойдық. Өзгеруге бір қадам деген сөз енді әрбір адам жақсы жаққа өзгерсе екен дедік және өзі ғана өзгеріп қоймай отбасымен айналасындағы жақындарымен бірге өзгеру керек.
«Өнер қырандары» дәл осы концерттік бағдарламамен шетелдік нарықты бағындыруды жоспарлаған еді. Қалалар тізімінде: Дубай, Стамбул, Ташкент те болған. Алайда белгілі бір себептерге байланысты театр Қазақстанның шекарасымен шектелген.
Мадияр Серікбаев, «Өнер қырандары» театрының актері:
– Шетел болғаннан кейін шетелдің де өздерінің заңдары бар, жанағы бір жерде билет сатылмау керек деген секілді, бір жерде залдың мынадай шарттары бар деген секілді. Бізде сондай қиындықтар туа бастады ұйымдастыру барысында. Тәуекелге бармадық.
Аталмыш концерттің концепциясы адалдық, ысырапшылдық пен ізгі ниеттілікке негізделген. Ел болам десең, экранынды түзе деген қағиданы ұстанатын театр актерлары әр айтылған сөз бен әр іс-әрекетке ерекше мән береді.
Дана Тұрарбек, «Өнер қырандары» театрының актрисасы
– Бізде барлық қойылымда айтатын ой, өзекті мәселелер, барлығы қозғалады ғой. Бірақ жалпы 3 қойылымның ішінде осы көршілер қойылымы өзіміздің ғана емес, көрерменнің де. 2 ай бойы Қазақстанның бүкіл қалаларын аралап қойып жүрсек те барлық көрерменнің көңілінен шығып жүр. Өзімізге де өте жеңіл ойнау.
Алматыдағы концертке бірден 4 сеансқа аншлаг жарияланды. Өнер қырандарын сүйіп тамашалайтын көрермен үшін бұл күн нағыз күлкі мерекесі. Актерлер тек сахнада емес, сахнада артында да әзілдеп үлгерді.
Жанболат Найзабеков, «Өнер қырандары» театрының актері
– Осы концертке 6 миллиард бөлінді. Оның көбісі жолға кетті десеңші. 300 миллионы былай-былай кетті. Енді 5 миллиардын таппай жатырмыз енді өзіміз қайда кеткенін. Ақша қолдың кірі дейді ғой. Жоқ. Бәрін тексердік. Сырмының гонорарынан да, енді коттедждер шығып жатыр. Бірақ ол жерде жоқ.
Кешке арнайы қонақ ретінде әншілер де шақырылған. Олар театрдың шығармашылығын жоғары бағалағандықтан, концертке қосымша көрнекілік сыйлады.
BYTANAT, әнші
– Менің әндерім қойылымдарға сай болғандықтан Мадияр ағадан ұсыныс түсті, өнер көрсеткеніме қуаныштымын.
Көрермен пікірі:
– Әрбір әзілінің астарында өте көп мағына жатыр. Не де болса бір де күлдіріп, бірде жылатып...
– Біз бір рухани бір өзімізге азық алдық. Бір шетінен көңіл-күйіміз көтерілді.
– Өзіміздің салт-дәстүрімізді жаңғыртып, рухтандырып. біздің жанымызға бір рухани ләззат сыйлаған тамаша бір концерт болды.
– Атыраудан келіп арнайы былай Республика сарайының төрінде отырып бұл концертті тамашалағаныма өте қуаныштымын.
«Өнер қырандары» сондай-ақ үлкен киноға да бет бұрды. Еске салсақ, ұжым мүшелері арасынан Жанболат Найзабеков бұған дейін екі бірдей фильм таспалаған еді.
Жанболат Найзабеков, «Өнер қырандары» театрының актері
– Ақпан айының 6-сы Қазақстанның барлық кинотеатрларына «Молда» деген біздің бірінші «Өнер қырандарының» алғашқы туындысы толықметрлі кино шығады. Алматыдағы концертіміз тәмам. Ал, біз сапарымызды әрі қарай жалғастырамыз.