Дүрия Қыдырбек, @duriiya_kydyrbek
Санаулы сағаттардан кейін Мисс Қазақстан байқауының жеңімпазы анықталмақ. Әр аймақтан іріктелген 20 ару да толқу мен қобалжу бар екені анық. Тәж кімге бұйыратынын бірге білейік!
Қыпша бел, сұңғақ бой, сымбатты шырай. Бұл «Miss Qazaqstan 2024» байқауының басты талаптары. Десе де тәжді иелену үшін бұл жеткіліксіз. Себебі «титул сұлулық пен даналықты бір бойына қатар сіңірген аруға бұйырады»,- дейді ұйымдастырушылар. Ал кештің хэдлайнерлері мен қызыл кілемнен өткен қонақтардың пайымы мынадай.
– Қалай ойлайсыздар, «Miss Qazaqstan» титулын алатын ару қандай болуы керек?
Серікболсын Кішкенбаев, «MuzArt Life» тобының әншісі
– Ең бірінші бет әлпеті деп ойлаймын. Без макияжа әдемі болуы керек.
Нұрхат Сегізбаев, «MuzArt Life» тобының әншісі
– Негізі Серікболсынға қосыламын. Бет әлпеті, дене пішіні және ең бастысы қыздың білімі ғой.
Олжас Тоғымбет, актер:
Қыздардың арасында бәрі бір-бірінен өте сұлу. Сондықтан бұл жерде тәрбиенің көркемділігі ең басты мәселе. Егер мен төреші болатын болсам тек келбетіне емес, солардың барлығына мән беретін ем.
– Фаворитіңіз бар ма осы жобада?
– Бұл жерде менің құрбым бар. Елдана есімді ару қызымыз. Соған жанкүйер болып келдік. Елдананың өзі бөлек қыз. Сол ұтады деп ойлаймын.
Рано Умарова, әнші:
– Мисс Астана фаворитім деп айта аламын. Себебі мен осы байқаудың іріктеу кезеңінде өзім бақыладым.
Көпшілік болжамдарын айтып жатқан уақытта, сахна сыртында қызу дайындық жүріп жатты. Әр арудың бойындағы толқыныс алыстан сезілді.
Дильназ Махмудова, «Miss Qazaqstan 2024» ұлттық сұлулық байқауының қатысушысы:
– Дайындық жақсы жүріп жатыр. Кішкене қобалжу бар. Үздіксіз режимде күнде репетиция өтті.
Алма Хабулова, «Miss Qazaqstan 2024» ұлттық сұлулық байқауының қатысушысы:
– Білуімізше биыл қатысушылар әлеуметтік мәселелерде белсенділік танытуы тиіс?
– Иә, басты талаптардың бірі осындай. Сай келгендіктен қатысуға шешім қабылдадым. Мәселен мен 4 жылдан бері даун синдромымен ауыратын балаларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырамын.
Қыздарға Қазақстанның бірінші аруы - Сәуле Рахмедова, балерина Сабина Ыдырысова, пластикалық хирург Ілияс Бейскенов, "Қазақстан аруы" ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева және Қырғызстаннан келген дизайнер Арзубек Вонама төрелік етті.
Айжан Рузаева: «Miss Qazaqstan 2024» ұлттық сұлулық байқауының директоры:
– Бүгін біз үш жеңімпазды анықтаймыз. Барлық әділ-қазылар алқасы қыздардың сахнадағы өнеріне байланысты бағалайды. Себебі олар финалистерді әлі көрмеді. Ал мен аруларды басынан бері бақылап келе жатқандықтан ішкі жан-дүниесін де есепке аламын.
Биыл ұлттық сұлулық байқауы «Әйел болу - өнер» концепциясы аясында ұйымдастырылды. Байқау нәтижесі бойынша «Жер аруы» атағы Томирис Кадырханға бұйырды. Дана Алмасова «Ғалам аруында» ел намысын қорғамақ. Ал басты бәйге Өскемендік Бағым Балтабай «Miss Qazaqstan 2024» атағын жеңіп, тәжді иеленді.
Бағым Балтабай, «Miss Qazaqstan 2024»
– Шыны керек өте қуаныштымын! Бала күнгі арманым орындалды. Бұл үлкен жауапкершілік. Қазақ халқымның салт-дәстүрін, мәдениетін паш етуге уәде беремін.