Дүрия Қыдырбек, @duriiya_kydyrbek
Қалың көрерменге КВН арқылы танылған Есқара мен Бағлан алаяқтықпен ақша тауып жүр. Тәуіппіз деп жұртты алдаған актерлер енді бұл түйінді мәселенің шешімін қалай таппақ? Түсірілім алаңындамыз.
Бұл жақын күндері көрерменге жол тартатын жаңа фильмнің желісі. «Тәуіп and Шәріп» деп аталатын туындының продюсері көрерменге қазақы қалжыңымен танылған Есқара Айдан. «Фильм түсіру идеясы түн ұйқымды ұрлап, маза бермей қойды»,- дейді. Тіпті үй салуға жинаған қаражатын осы жобаға салып, тәуекел еткен.
Есқара Бейбітов, кинопродюсер, жайдарманшы:
– Өзім негізі үй соғайын деп жатқам ойлана келе үй ішімен сөзге келмей, бірінші үйіңді соқпайсың ба деп қатты ойландым. Сүйтіп бір шешімге келіп, қайырлысы осы шығар деп кино түсіруге кірісіп кеттік.
Ауылдағы аңқау жұртты оңай сан соқтырған тәуіптерге көп ұзамай қаланың қалталы сұлуы жүгінеді. Жігіттерді ақшамен қызықтырып, мәселенің шешімін жалған көріпкелдерден іздеген сылқымның рөлін актриса Индира Құлмахамбетова сомдайды.
Бағлан Шеріпбаев, актер:
– Қателеспесем актриса Индилекпен ғашықтық сахналарыңыз бар?
– Индира Роза болып ойнайды. Соған ғашық болып қаламын. Махаббат жағына келгенде Шәріп аңқау. Ғашық болып, айтқанынан шықпай қалады.
«Махаббаттан басым айналып қалады» деген Бағлан Шеріпбаев шығармашылық ұжымды біраз әбігерге салған. Продюсер 7 млн қаржысынан қағылып, түсірілімді 15 күнге тоқтатуына тура келген.
Есқара Бейбітов, кинопродюсер, жайдарманшы:
– Түнгі сағат 10- да ақылдасып отырсақ келесі сценарийдіертең қалай қыламыз деп отқан кезде Шәріп скорыйдың суретін жібереді. Сонымен операцияға кіріп бара жатырмын дейді ғой, ал кино түсіріп көр. Ол басты рөлдегі актер. Енді не істейміз Шымкентте түсіріп жатқанбыз. 70 адамды Алматыға қайтарып жібердік.
Түсірілім алаңында болған жалғыз форс-мажор бұл емес. Каскадерлерден қалыспай кей экшн сахналарға өзі түсуге бел байлаған Есқара аяғын сындырып, жарақат алған. Бірақ бұл жайт түсірілімді тоқтатуға кедергі болмады дейді.
Анвар Матжанов, режиссер:
– Комедия жанрында болғандықтан төбелестің өзі комедия жанрында түсірілген. Бірақ экшн бар. Күлкілі экшн. Каскадерлар сомдады, қиын моменттерді Есқара мен Бағлан өздері алып шықты.
Ал әзілкеш жігіттердің тырнақалды туындысын қолдап келгендер қатарында Әбілмансұр Серіков те бар.
Әбілмансұр Серіков, актер:
Бұл жобадағы кейіпкерім участковый, әділ участковый, бәрін қадағалайтын, бәрін орындайтын, біреудің бірдеңесі жоғалса орындайтын жақсы участковый.
Серіковтің REVUE NEWS-ке айтар эксклюзивті жаңалығы да бар екен. Мансұр 2025 жылы өзін кинопродюсер ретінде танытпақ.
Әбілмансұр Серіков, актер:
– Көптеген фильм түсіріліп жатыр. Блогерлер де түсіріп жатыр. Актерлер де, әні міне дегенше 35-ке кеп қалыппыз. Солардың қатарынан қалмай түсіру керек болып тұр. Жұрттың көңілінен шығатын, қозғалмаған тақырыптар көтеретін. Сондай жоспарлар бар.
– Кімдерді көргіңіз келеді фильміңізде?
– Әбунасыр Серіков болады. Қайыршы Қобыланды болады. Олжас Абай, Шерхан Пірназар, көптеген менмін дейтін замандастарым, құрдастарым болады. Жақсы каст жинаймын деп ойлаймын.
Түсірілімі Шымкентте басталып, Алматыда жалғасып жатқан фильм 2025 жылдың ақпанында көрерменге жол тартады. Жоба авторлары 150 млн қаржы жұмсалған туынды көзі қырағы көрерменге ұнайды деп сеніп отыр.