QFL Премьер-лигасының 24-туры! Ойын алдында қандай қайғылы оқиға орын алды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Дүрия Қыдырбек, duriiya_kydyrbek:

Қос команда турнир кестесіндегі үштікті және төрттікті түйіндейді. Қанжығаларында 37 ұпайдан. Орталық алаңдағы «Ақтөбе» мен «Астана» құрамаларының ойынын тамашалауға келдік. Ендеше бірер сағаттан кейін чемпиондыққа кім бір табан жақындайтынын бірге білейік.

Футболдан Қазақстан чемпиондарын анықтауға небәрі 3 тур қалды. Спортшылардан бөлек жанкүйерлердің де дайындығы ерекше. Ойынға 3 сағат бұрын Абай көшесінен бастау алған Ақтөбелік алқызылдардың шеруі Орталық алаңда жалғасты. Олар Ақтөбе командасы 6 мәрте жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенді.

- Жігіттер, бүгінгі ойынға қатысты болжамдарыңыз қандай?

- Ақтөбе победа.

- Сіздің ойыңызша?

- Қарсылас команда есебіне тым болмаса бір гол қалдырмадыңыздар ма? Шанс жоқ.

-Қарсылас команданың қақпасына кім гол соғады деп ойлайсыз?

-Ромеро және Кеңесов.

-Умаев

-Умаев

Ақтөбеліктердің жанкүйерлері ойын сырт алаңда емес, өз қалаларында өткендей әсер қалдырды. Десе де алқызылдар сенген Умаев та, легионер Ромеро да қарсы команданың қақпасына сол соға алмады. Есеп 2:0. Осылайша Ақтөбе чемпиондықтан үміт үзді.

Идрис Умаев, «FC Aqtobe» шабуылшысы:

  • Бүгінгі матчтың маңызды ойын екенін бәріміз білдік. Бірақ алғашқы 20 минут белсенді бола алмадық. Нашар ойнап, 2 гол өткіздік. Бүгін алаңда әрқайсысымызға агрессия жетіспеді деп ойлаймын. Бүгінгі ойынға арнайы келген, үйде отырып тамашалаған барша жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді.

Маусым басында құрама бапкері Дмитрий Парфюмов отставкаға кетті.

«FC Ақтөбенің» қорғаушылары Бағдат Қайыров пен Әлібек Қасымның ойынға рұқсат ала алмауы тағы бар. Көпшілік жеңіліске осы өзгерістер себеп деп болжауда. Ал футбол сарапшылары алқызылдардың бүгінгі жеңілісін қорғаушылардың жетіспеуімен түсіндірді.

Ербол Қайыров, спорт коментаторы:

  • Барлық параметрлер бойынша Астана басым түсуде. Алқызылдар матчқа дайын емес сияқты. Осы матчта футболшылар бірнеше қате жіберді. Қорғаушылар жетіспеді. Бессмертный мен басқа спортшылар да дайын емес сияқты. Габби Кики мен Гучи Агбо бірнеше рет қателесті.

Льенов шәкірттері қанша тырысқанымен жауапты гол соға алмады. Алаңдағы алғашқы голдың авторы Усман Камара атанса, Назми Крипши ойынды 2:0 есебімен түйіндеді.

Ұлттық құрама сапында кәнігі жұлдызға айналып үлгерген, «FC Astana-ның» қорғаушысы Ян Вороговский ойын туралы былай деді:

Ян Вороговский, «FC Astana» қорғаушысы:

  • Өте қиын ойын болды. Алғашқы минуттарда екі гол соғып үлгергенімізге, одан кейін қақпаны күзете алғанымызға қуаныштымыз. Әр ойын біз үшін финал сияқты. Үздіксіз дайындалып жатырмыз. Ақтөбенің ойыншылары да, легионерлері де мықты. Бұл нағыз чемпиондыққа талас болды.

Кешегі таң «Астана» командасы үшін суық хабармен басталды. Елордадан ат арытқан жанкүйерлер жол-көлік апатына тап болып, бір адам қаза болды. Орталық алаңда жиылған жұртшылық ойын алдында фан-клуб мүшелерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Спортшылар да қайғыға ортақ екенін жеткізіп, жеңісін жанкүйерлеріне арнады.

Ян Вороговский, «FC Astana» қорғаушысы:

  • Қайғылы оқиға жайлы естідік. Қаза тапқан отбасының отбасына қайғырып көңіл айтамыз.

«FC Astana» QFL чемпиондығы үшін ойынды әрмен қарай жалғастырады. Қала берді елордалық аяқдопшыларды желтоқсан айында атақты «Челси» құрамасымен маңызды матч күтіп тұр.