Арман Дәулетияров ұзақ жылдар Ресейлік «Муз ТВ»-ны басқарып, ең үздік премиялардың бірін ұйымдастырған-ды. Кейін отандық арнада жүргізушілік етті. Жарты жыл көк жәшікпен қош айтысты. Өмірінің басым бөлігін телевизия саласына арнаған ол, алдағы шығармашылық жобаларын тек Youtube-та жалғастыру ниетінде.
Арман Дәулетияров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер:
- Продюсер болшы, фестиваль ұйымдастырайық, әнімді тыңдасаңыз деп қолқа салатындар көп. Ресейдің, Қазақстанның өнерпаздарынан жиі ұсыныс аламын. Бірақ мен үшін шоубизнес әлемі қазір қызықсыз. Өмірімнің жартысы осы салада өтті. Қазір адамдардың рухани дамуына септігім тисе екен деймін.
Ал, бүгін Алматыға арнайы ат басын бұруына екі бірдей маңызды себеп бар.
Арман Дәулетияров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер:
- «А-студио» тобының шығармашылығына арналған көркем фильм таспаланып жатыр. Сонда мен өзімді сомдаймын. Топ мүшесі Байғали қолдау білдіруімді сұрады. Ал, кинопродюсер ретінде өзімді сынауым белгісіз. Өйткені шетелдегі қазақтар жайлы өзімнің жобам бар. Тағы бір жобамды ютубта ұсынамын.
Ал, екінші себеп – «Айман ана»кітабының тұсаукесері. Бұл Дәулетияровтың анасы жайлы естілігі. Бағытын басқа арнаға бұруға Арман мырзаның анасынан айырылып қалуы сеп болған.
Арман Дәулетияров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер:
- Екі жыл бұрын анам о дүниелік болғанда мұншалықты қиналамын деп ойламадым. Анамды сағынып бірге түскен видео- фотоларымызды ақтарып жылап та алушы едім. Кейбір естеліктерді қағаз бетіне түсіре бастадым. Кейіннен неге анамның өмірін кітап етіп шығармасқа деген ой келді. Бұл қанша дегенмен ұрпағымызға таптырмас мұра ғой.
Дәулетияровтың асыл жанына арнаған естеліктерге толы туындысы осылайша кітап болып оқырманға жол тартты. Тұсаукесерге келген қонақтардың арасынан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуковты байқап қалдық.
Ислам Байрамуков, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:
- Ол кісімен біраз араласып қалдық. Бұдан үлкен үлгі алуға болады , отбасына анасына деген қандай сый-құрмет көрсеткен. Қазіргі заманда нағыз насихаттайтын дүние.
Арман Дәулетияров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер:
- Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. Мені әлеуметтік желіде көпшілігі анам үшін қарап, сол кісі арқылы таниды екен. Анаңызды танимыз, ол кісімен әңгімелескеніңіз, сізге ақ батасын бергені бәрі ұнайды дегенде таң қалдым. Ауылдың қарапайым сауыншысы болған анам елін жерін қалай сүйсе, халық та оны солай жақынындай көрді.
Кітап арқылы медиатұлға қоғамдағы өзекті тақырып – әйел құқығын қорғауды, нәзік жандыларды сыйлауды дәріптегім келді дейді.
Арман Дәулетияров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, медиа-менеджер:
- Кітапты жазып жатып көз жасым тыйылған жоқ. Оның қиындыққа толы өмірі көпке үлгі, нағыз қазақ әйелінің бейнесі іспетті. Салт-дәстүрін сақтаған, отбасының ұйытқысы, шаңырағының шаттығы, балаларының қорғаны болған әрбір ана-нағыз батыр.