«Таптым-ау сені» 1 миллиард 850 миллион теңге касса жинады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақстандық кинонарықта миллиардтап касса жинауға болатынын ең алғаш Нұрлан Қоянбаев дәлелдеген-ді. Оның «Қазақша бизнес»-нің Кореяда түсірілген бөлімі ең мол табыс иегері. 1 миллиард 8 миллионнан сәл асады! Бірақ, Дариға Бадықованың «Таптым ау сені» романтикалық комедиясы сынды 1 млрд 850 миллион теңге бокс-офис жиған картина болмаған.

Дариға Бадықова, актриса:

– Менің диагнозым – өнермен ауыру. Маған сондай диагноз қойылған. Сол себептен мен бұл өнерден емделмеймін деп ойлаймын. Емі жоқ деп ойлаймын.

Дариға Бадықова лентаның түсірілімі мен пост продакшнына 108 миллион қаржы жұмсаған. Ал, жарнамалық компанияға қымбат кроссовердің қаржысын салған. Фильм өндірісіне Бадықованың жақын құрбылары демеушілік жасаған.

Дариға Бадықова, актриса:

– Екі құрбым бұл фильмге қаражат салды. Ақша беріңдер дедім. Ақшаларыңды құрпаңдар дедім. Маған өнерге салыңдар дедім. Ол кісілердің орасан еңбегі бар. Себебі қазақ өнеріне ақша салды. Бала-шағасының алдынан қайтады деп ойлаймын міндетті түрде.

«Таптым-ау сені» фильмінің рекордын «Дәстүр» хорроры жаңартуы мүмкін. Себебі, триллер айналымдағы 5 аптада 1 миллиард 720 миллион теңге пайданы қоржынға салған. «Дәстүрдің» прокаты тоқтамағанынескерсек, табыс көлемі әлі де ұлғаюы мүмкін. Дегенмен, Қуаныш Бейсек алғашында миллиард табыс табатынына күмәнданған еді.

Қуаныш Бейсек, режиссер:

- Болса миллиард болса қатты қуанамын. Өтірік айтпай-ақ қояйын. Болмаса прям олай не істемеймін, енді амалдың бәрін жасадық. Болса болды, болмаса болмады.

Кассадан миллиардтардың келуі, тек құрылымы шиеленісті концепция, жаңа жанрдың еңбегі емес. Қуаныш Бейсек жарнамалық компанияға фильмнің өзімен деңгейлес ден қойды. Бұрын соңды, бұндай пиар қадам жасаған продюсер бізде болған емес.

Қуаныш Бейсек, режиссер:

- Общий қаражат құпия емес, 200 миллион кетті, маркетингпен бірге қосқанда. Сол себепті, ол көп ақша емес, бірақ аз да емес

«Дәстүр»-мен бір күнде прокатқа шыққан «Қазақша бизнес Бразилияда» комедиясына күмәнмен қарағандар көп болды. Тіпті, өз шығынын ақтамайды деп сәуегейленгендер де табылды. Расында, бренд-фильм кассадан миллиардқа жуық қаражат жинаған.

Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер:

– Бразилия 600 мың доллардай кетті ғой. Таза ақша ғой. Оның ішінде менің айлығым жоқ. Рекламаға кетіп жатқан ақша жоқ оның ішінде.

Бұл цифрлар – Қазақстандық кино Голливудтық блокбастерлермен иық тіресе бәсекелесе алатынын дәлелдейді. Келесі меже – 2 миллиард! Рекордты жаңартатын продюсерді асыға күтеміз!