Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Қолымыздан уақытты айналдыру келсе, бәріміз өткенді өзгертеріміз анық. Әсел Сағатова да дәл осылай жасады. Актриса бірнеше жыл бұрын жіберген қателіктеріне төзе алмай, түзету енгізгісі келеді.
Бұл Сағатова төбе көрсетіп жатқан кезекті толықметр. Өмірде жолы болмаған, мансабы келіспеген, сүйгеніне жете алмаған сылқым. Сәтсіздіктері үшін сыныптастарымен де қатынаспайды. Бір қызығы, актрисаның өмірде де парталастарымен араластығы аз болып шықты.
– Жалпы сыныптастарыңызбен араласып тұрасыз ба? Кештеріне барып дегендей.
Асель Сағатова, актриса:
- Тек кейбір сыныптастарыммен ғана араласып тұрамын. Бәрімен байланыстамын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Соңғы кездесуімізден де біраз уақыт өтіп кетті. Шамамен 5 жылдай. Сол отырысты тағы бір қайталау керек.
Дәл осы толықметр үшін бірнеше түсірілімнен бас тартып, арнайы Астанадан келген – Сырым Қашқабаев. Актер Әселге өлердей ғашық. Бала махаббатын әлі ұмытпаған. Бірақ өткенді өзгертуге кеш деп ойлайды.
– Әселге құпия ғашық болған жігітсіз? Мектеп кезінде?
Сырым Қашқабаев, тележүргізуші, актер:
– Иә, иә. Мектеп кезінде ғашық болғам. Одан кейін Әселді алып қашқаннан кейін оны көріп, ызаланып армияға кетем. Армиядан қайтып келем де, үйленем. Келіншегім деген керемет кісі. Бәрін ашпай-ақ қояйық иә?
Сағатованың сыныптасын ойнайтын – Қажет Смағұл. Бала кезден бұзық, ойыншыл. Өсе келе де сауық-сайранды жақсы көреді. Кейіпкер актерға бір табан жақын болып шықты.
– Бұл кинода өткен өмірге оралуға мүмкіндік бар. Сізге сондай мүмкіндік берілсе, қолданар ма едіңіз?
Қажет Смағұл, актер:
– Жоқ, қолданбайтын едім. Менің балалық шағым да, жастық шағым да өте тамаша өтті. Қазіргі өмірім де керемет өтіп жатыр.
– Жақсы, біз кедергі келтірмейік онда. Ары қарай кеттік.
– Жоқ, бізбен бірге түссеңіздерші. Қазір билейміз.
Тележүргізуші, актриса – Сәнді Сұлтанның бұл тұңғыш толықметрі болып шықты. Оның үстіне басты рөл бұйырған. Әсел Сағатоваға бала кезден күн көрсетпей, келеке етумен келеді. «Кейіпкерім өзіме мүлде ұқсамайды. Өмірде кісіге кек сақтаған емеспін. Сондықтанда жас көрінетін шығармын»,-деді 48-дегі Сәнді ханым.
– Кейіпкеріңіз туралы айтып берсеңіз? Білуімізше, Әсел Сағатованың басты қарсыласысыз?
Сәнді Сұлтан, тележүргізуші, актриса:
– Иә, мен Гауһар деген рөлде ойнап жатырмын. Енді ол ең басты мотивация беретін әйел. Гауһар өзі медиа корпорацияның бастығы болғаннан кейін Әселге тиісіп тұрады.
- Қалай тиіседі?
- Где то былай шымшып-шымшып тиіседі.
Сымбат Сағындық, @symbat_sagyndyk
– Сюжеттік желісі сыныптастар кездесуінде өрбитін кино, биылдан қалмай үлкен экрандарға жол тартады. Кассасы мен көрермен ықыласы уақыт еншісінде.