"Аутизмді жеңеміз" жобасы 700 адамдық залды лық толтырып, "Муха Цокотуха" спектаклін сахналады. Балалар барабанда, күйсандықта еркін ойнап шықты. Жоба жетекшісі Аружан Саин бұл көрініске өзінің де ерекше таңғалғанын жеткізді.
Аружан Саин, "ДОМ" қоғамдық қорының жетекшісі:
- Бүгінгі спектакль – ғажайып болды. Көрермендерге балалардың аутизммен күресіп жүргені қатты байқамауы да мүмкін. Бірақ бұл сахнаның артында қаншама еңбек жатыр. Біз балалардың сурет салу, билеу, ән айту, аспаптарда ойнау қабілеттерін шыңдауға өте үлкен мән береміз.
Әр баланың сауығып кетуіне тілекші Аружан Саин ағасының да осы дертпен күресіп жүргенін жасырмады.
Аружан Саин, "ДОМ" қоғамдық қорының жетекшісі:
- Менің ағам аутист. Бұл орталықта менің анам да жұмыс істейді. Ештеңеге қарамастан осы жобаны бастап кеттік. Бәрі өз қолымызда. Бүгін көрген ғажайыпты сіздің балаңыз да жасай алады. Сондықтан қорықпаңыздар.
Бұдан бөлек, көздің жауын алатын сахналық костюмдер мен сәнді декорация көрерменді тәнті етті. Айта кетейік, спектакльдің реквизиттерін ата-аналар өз қолымен әзірлеген.