Малика Ахметова мен Дәурен Ақжарықов бала кездерінен хореграфиямен айналысады. Малика 15 жасына дейін ұлттық бимен айналысса, Дәурен балеттен бастаған. Ал оның негізгі мамандығы дизайнер-архитектор.
Соңғы 10 жыл бойы хип-хоп жанрына бет бұрған қос талант бүгінде popping бағыты бойынша билейді. Малика мен Дәурен өздерін таныту мақсатында Еуропа мен Азия елдеріне жиі барып, түрлі конкурстарда бақ сынаған.
Малика Ахметова, биші, хореограф:
- Соңғы 10 жыл бойы біз түрлі жарыстарға барып жүрдік, сол жарыстардың арқасында 12 мемлекетті өз көзіммен көрдім. Талай жылдық еңбектің жемісін өткенде Италиядағы конкурстан кейін көрдік десек те болады.
Дәурен Ақжарықов, биші, хореограф:
-Біздің алғашқы ауқымды жеңісіміз. Себебі, екеміз бірдей финалға дейін бардық. Малика бірінші орын, мен екінші орынды иелендім. Біз үшін үлкен бақыт. Деңгейімізді көрсете алдық.
Италиядағы «Back To The Style» халықаралық додада олар екінші рет бақ сынаған. Алғашында 5 жыл бұрын қатысқан-ды. Ол кезде 500 қатысушының ішінен топ 16-лыққа енген.
Малика Ахметова, биші, хореограф:
-Әлемнің түкпір-түкпірінен барлығы 500-ден астам қатысушы болды. Ол жерде жанрға қарай түрлі категорияға бөлінген. Мәселен, хип-хоп, папинг, локинг, вакинг, хаус. Әр бағыттың өз әділ-қазі мүшесі болды. Ал біз папинг бойынша бақ сынадық.
Дәурен мен Малика мұндай конкурстарға өздерінің қаражатымен қатысады. Бұл орайда таланттардың демеушілері жоқ.
Дәурен Ақжарыков, биші, хореограф:
- Кеңесім: біз сияқты үнемшіл болыңыздар. Сонда қаржы жинап, түрлі халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік болады. Біз солай ғана елімізде би өнерін дамыта аламыз.
Түрлі жарыстардан бөлек, Малика мен Дәурен Popping Лабараториясын ашқан. Бұл алаңда шәкірт тәрбиелейді.
Малика Ахметова, биші, хореограф:
- Біз папинг бағыты бойынша сабақ береміз. Бұл нағыз импровизация, яғни еркіндік арқылы түрлі іс қимыл жасау. Біздің шәкірттеріміз де еліміздегі чемпионаттарда жақсы көрсеткіштерге ие болып жүр.
28 жастағы бишілердің танылуына әлеуметтік желідегі контент көмектескен. Малика мен Дәуреннің басты мақсаты әлемді мойындату.
Малика Ахметова, биші, хореограф:
-Мақсат қарапайым – көбірек шетелге шығып, өзіңді көрсету. Бишілер әлемді бағындыру үшін бір ғана емес, бірнеше жарысты жеңу керек. Біз елімізді, өзімізді танытқымыз келеді. Ол үшін қаржылай болсын, жәй ғана қолдау болса біз сол жетерлік.
Дәурен Ақжарықов, биші, хореограф:
-Қалауымыз әрқашан даму, себебі бишілердің дәрежесін көрсететін чемпионат қана емес, өзіңді формада ұстап тұру және талантыңды жоғалтып алмау. Біздің мақсат әлемнің кәсіби бишілерін мойындату