Тина Кароль осыдан небәрі 5 ай бұрын БАҚ өкілдері мен әріптестерін жинап, кішігірім концерт-кездесу ұйымдастырған еді. Енді міне, алты ай болмастан Қазақстанға қайта келіп отыр. Украина халық әртісі бұл жолы да мақсатсыз келмегенге ұқсайды.
Тина Кароль, Украинаның халық әртісі:
- Өзімнің су жаңа туындымды таныстыруға келдім. «Двойной рай» атты бейнебаян мен сол аттас альбом. Меланхолялық тамаша туынды шыққан сияқты. Тыңдарманға ұнайды деп үміттенем.
Су жаңа бейнебаян расымен де көпке ұнап жатқандай. Туынды ютуб трендінің 10-шы орнында. Одан бөлек, әнші биыл осымен үшінші жинағының тұсауын кесіп отыр. Тина Кароль өнердегі бұл белсенділігін карантинмен байланыстырады.
Тина Кароль, Украинаның халық әртісі:
- Қазіргі кезде концерттерге шақырту аз. Сондықтан студияда жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Одан бөлек, өлең жазуды қайта қолға алдым. Соңғы кездері ерекше шабыттанып жүргенім рас.
Украинаның халық әртісі Қазақстанда да сұраныста болуға ниетті. Әр альбомының тұсауын арнайы келіп кесіп жүрген ол енді болашақта елімізде концертін өткізбек.
Тина Кароль, Украинаның халық әртісі:
- Жеке кешіммен Қазақстанға келуді армандаймын. Өйткені Қазақстан халқы музыканы сүйеді, мен де музыкалық адаммын. Сондықтан, мұндағы тыңдарманмен қауышу мен үшін өте маңызды.
Ал Тинаның әзірге қиялындағы концерті келер жылы ұйымдастырылуы әбден мүмкін.