Louis Vuitton круиздік коллекциясын Францияның Сержи-Понтуаз қаласында таныстырды! Фэшн-шоу ашық аспан астында, көрерменсіз өтті.
Дизайнер Николя Жескьер бұл жолы да топтамасында «space age» концепциясын ту еткен! 1960-жылдарға тән ғарыш тақырыбын су жаңа үлгілерден байқауға болады. Қысқа көйлектер мен әміркен алқызыл пәлтелер, «color block» стиліндегі бәтеңкелер, ашық-жарқын түстер бір-бірімен керемет үйлесім тапқандай.
Сондай-ақ, су жаңа үлгілерде 80-жылдардың лебі сезіледі. Еске салсақ, бұл да Николя Жескерьдің сүйікті кезеңдерінің бірі. Әскери форма мен мундирді еске салатын пенжектер, жеңінде қауырсыны бар тоқыма жейделер, жолағы бар шалбарлар, күміс түстес көйлектер. Қысқасы, карантинде жатып әбден зарыққан сәнгер қиялына барынша ерік бергендей.
Еске салсақ, аталмыш коллекция жаздық демалысқа арналған! Көп ұзамай тұсауы кесілген туындылар әлемнің сән қуған сылқымдарының үстінен табылары сөзсіз.