Күллі голливуд киногерлерінің басын қосқан «Оскар» марапаты пандемияға қарамастан оффлайн форматта өтті. Салтанатты кеш әдеттегідей ең әуелі жұлдыздарды қызыл кілемге жинады. Зендая, Марго Робби, Холли бастаған танымалдар әсем образдарымен арнайы жолақта көзге түсті.
Ал «Оскар» марапатының биылғы триумфаторы «Көшпенділер жері» фильмі болды. Режиссер Хлоя Чжаоның туындысы «Үздік фильм» атанып қана қоймай, тағы 3 бірдей номинацияны еншілеп қайтты. Лентада басты рөлді сомдаған Фрэнсис МакДормандқа «Үздік актриса» марапаты бұйырды.
«Үздік актер» аталымы бойынша номинация «Әке» фильмінің кейіпкері Энтони Хопкинске тапсырылды. «Екінші пландағы актер» мүсіншесін «Иуда және қара мессия» лентасындағы Дэниел Калуя алса, кореялық Юн Е-джон «Минари» фильмімен «Екінші пландағы үздік актриса» деп танылды.
«Оскар» марапатының жеңімпаздарына қатысты отандық өнер өкілдері өз пікірін білдірді. Мәселен, блогер Артур Асқарұлы бірнеше фильмге жанкүйер болғанын айтады.
Артур Асқарұлы, блогер:
– Мәскелен «Довод» фильмі. Мен ол киноны кинотеатрлар ашыла сала көрдім. Көбіне жарнамасы жақсы туындыларды ғана байқап қаламыз. Джейстен Стэтэмнің «Гнев» картинасын асығып күтті деген сияқты. Биылғы «Оскарлық» ленталар аса танымал емес сияқты болып көрінді маған.
Еске салсақ, Кристофер Ноланның «Довод» лентасы «Үздік визуалды эффект» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Роберт Паттинсон басты рөлді сомдайтын фантастикалық лента уақыт айналдыру мүмкіндігіне ие тыңшылар жайында.
Мейірғат Амангельдин болса, киносаласында жүрсе де «Оскар» марапатын көрмеген. Жас актер тіпті әйгілі премияға ұсынылған ленталар тізімін қарамағанын да айтады.
Мейірғат Амангельдин, актер:
- Үлкен экранға шықпағаннан кейін дұрыс көре алған жоқпыз. Мен шынымды айтсам қандай номинацияларға қандай кинолар ұсынылып жатқанын да білмеймін. Биыл кәдімгідей таласып көрдік қой, білдік те, жобаладық қай кино ұтатынын. Ал биыл мен білмеймін шынымды айтсам. Десе де, Мейірғат «Оскарда» үздік атанған фильмдерді міндетті түрде тамашаламақ ниетті.