Алғашқы әйелдер комедиясы көрерменге жол тартпақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Алғашқы әйелдер комедиясы! Карантин жеңілдетілгеннен кейін, бірінші кинопремьераны Әсел Сәдуақасова, Дильназ Ахмадиева, Сабина Сәкен бастаған арулар ұсынды. Еске салсақ, су жаңа «Достучаться до мужчин» атты картинаның кейіпкерлері ғана емес, түсірілім ұжымының барлығы да тек қана әйелдер қауымынан құралған. Продюсер, режиссер, тіпті сценариі авторлары да нәзік жандылар.

Дильназ Ахмадиева, әнші, актриса:

- Мені осы ұжымдағы қыздар шақырды, ол үшін алғысым шексіз. Бұған дейін маған ұнайтын, ойымнан толық шығатын рөл ұсынбапты. Бәрі қызықсыз кейіпкерлер болатын, ал мұнда қыздардың комедиясы болған соң, бірден ұнады. Ерекше көрінді. Тіпті сценарийді оқып, күлкімді тия алмаған кездерім болды.

Фильм сценариі осыдан тұп-тура 4 жыл бұрын жазылып, 2018 жылы түсірілімі басталған болатын. Түрлі себептермен тұсаукесері кейінге шегерілген туындының арулар мерекесінде ұсынылуы бекер емес. Продюсер әрі сценарий авторы Сабина Сәкен: «Қыздар бізді қолдайтынына сенемін»,-дейді.

Сабина Сәкен, продюсер, актриса:

- Продюсер ретінде әрине қорқыныш бар, бірақ бізді көрермендер қолдайды деп ойлаймын. Ер азаматтар да, қыздар да.

Сюжет ер азаматтарынан қолдау таппай, күйзеліске түскен төрт құрбының өмірін баяндайды. Тығырықтан шығу үшін бас қосқан құрбылар ақыр-соңы Түркиядан бір-ақ шығады.

Сабина Сәкен, продюсер, актриса:

- Көбісі біздің тизерді көріп ойлап қалған ғой, ойбай мынау бір феминизм болмаса, әйелдерді ажырасуға үгіттейтін ұғым. Бұл жалған ұғым, негізінде киномызда терең ой жатыр. Себебі біз бұл киномен не айтқымыз келді, бұл киномен ер азаматтар сіздер бізді түсініңіздер, біз де сіздерді түсінеміз деген ойды жеткізгіміз келді.

«Меломендік» Ролан Қазретов Сабинамен толық келіседі. Премьераға сүйікті жарын ерте келген өнерпаз: «Жігіттер, бір сәт уақытты өздеріңе, жаныңдағы жарыңа арнаңдар», - деп кеңес берді.

Ролан Қазретов, «MELOMEN» тобының әншісі:

- Бұл жердегі дүние өмірде болып жатқан ерлі-зайыптылардың , жалпы жігіт пен қыз ортасындағы түсініспеушіліктерді барынша жеткізе алды деп ойлаймын. Себебі жігіт пен қыздың жаратылысы екі түрлі ғой. Кейбір жағдайда отбасында әйел адамға көңіл жетпей жатады, внимание дейді ғой. Ер адам даладағы жұмысымен үйге кіріп кетеді.