Бір отбасынан шығып, шоу-бизнесте бағы жанған кімдер?

Сообщить о проблеме с эфиром

Шоу-бизнесте әпкелі-сіңлілі не ағалы-інілі, ағайынды әртістердің қатары күн санап артып келеді. Солардың бірі – Айдана мен оның бауыры Ермек және әпкесі Назым Меденовалар. Бүгінде шоу-бизнестің бір қазанында қайнап жатқан олар, кезінде Айдананың «Кешью» құрамына кіруіне бірден бір септіктерін тигізген екен. «Маған Баян Мақсатқызының кастингіне бар деп қолқалаған бауырларым еді. Оларға рақмет», - дейді Меденова.

Айдана Меденова, әнші:

- Шүкір! Ағам мен әпкем болғанына шүкір! Олар болмаса сол кездің қалай боларын елестете алмаймын. Ол кезде олар болмаса қиын болатын еді.

Роза Рымбаеваның да екі ұлы, шоу-бизнестен әлдеқашан өз орындарын тауып үлгерген. Тіпті Қуанышқызы түсіретін клиптері мен жазатын әндерін қос баласымен ақылдасады екен.

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:

- Кез-келген жұмысты мен Әлимен ақылдасам. Әли менімен ақылдасады. Әрине, көбінесе мен ақылдасамын. Себебі, Әлидің режиссерлық бір талғамы бар. Көріністерді көру, түсірілім режиссерын таңдау. Оның барлығына мен басшылықты Әлиге беремін.

Өнер додасына қос ұлын қосқандардың қатарында – Гүлзира Айдарбекова да бар. «Жанұясымен әнші болып кетті» деп сынайтындарға, продюсердің өз айтары бар.

Гүлзира Айдарбекова, продюсер:

- Мүмкін енді анау айтатын шығар. Мүмкін иті, мысығы айтатын шығар деген сияқты әңгімелерді айтады. Енді ән айтуды мен қылмыс деп ойламаймын. «Әу демейтін қазақ жоқ» - дейді ғой. Сондықтан ән айтқан ұят нәрсе емес. Көшеде арақ ішіп, домалап жатқан жоқ.

Анасының пікіріне Заңғар Нұртас та қосылады. Бүгінде «АльЗаБи» тобында жүріп, талай хитті орындап жүрген ол: «Бұнымен тоқтап қалмаймыз»,-дейді.

Заңғар Нұртасұлы, әнші:

- Мен үшін бұл мотивация. Өйткені халыққа дәлелдету. Менің дауысым бар, мен әлі шығамын дегенді дәлелдегім келеді. Қазір жоспарда клип, содан кейін қазақша әндер, орысша әндер, жалғасуда.

Аты аталғандардан бөлек, өнердегі ағайындылардың тізімінде: Динара және Венера Сұлтан, Жүгінісовтар жанұясы, Артур мен Асылхан Төлеповтар сондай-ақ Ерболат пен Есболат Беделхандар да бар.