Бүгінде шоу-бизнес өкілдері үшін олардың инста-парақшалары басты табыс көзі екені жасырын емес. Сондықтан да танымалдар миллиондаған оқырманы бар аккаунттарынан барынша көз жазып қалмауға тырысады. Мәселен, актриса Жұлдызай Дүйсенбиева инстаграмда оқырман саны артқан сайын, күнде бір қызыққа тап болатынын айтады. Хакерлерден зәбір көрген өнер иесі тіпті олардың кейбірін заңды түрде жазалауға да тырысқан.
Жұлдызай Дүйсенбиева, актриса:
- Ондай көп, екі күннің бірінде болады. Взлом жасайтындар бір бөлек, біздің атымыздан парақша ашып, ақша жинайтындар бір бөлек. Әрқайсысына бір тосқауыл қою мүмкін емес. Кей біреуін заң аясында да жасап көрдік, бірақ өте қиын екен ол.
Ал «Ринголық» Данияр Өтеген болса, ғаламтор ұрылары әзірге өзін айналып өтіп жатқанын айтады. Десе де өнерпаз парақшасын арам пиғылдылардан қорғаудың бірнеше амалын тізіп берді.
Данияр Өтеген, «RINGO» тобының әншісі:
- Хаттар келеді мысалы почтаға, сол хаттарда сілтеме болады. Ойбай сендердің инстаграмдарын жоғалып кетеді, осы сілтеме бойынша кірмесең деген. Ондай сілтемелерге кірмеу керек.
Салтанат Бақаева да Данияр секілді парақшасының қауіпсіздігіне жіті мән беретіндердің бірі. Сондықтан да әнші әрі актриса: «Әзірге аккаунтымды бұзған жоқ», - дейді. Алайда, Бақаева желідегі алаяқтармен жақсы таныс. Интернеттегі белгісіз бәз-біреулер өнер иесінің суретін өз игілігі үшін пайдаланған көрінеді.
Салтанат Бақаева, әнші, актриса:
- Менің суретімді пайдаланып, жұмысқа шақырған ба сондай бірнәрселер болды инстаграмда, оны көрдім. Бірақ оны сторизімде айтып қойдым бұған менің ешқандай қатысым жоқ деп. Заңды тұрғыда қорғаймын двухвазная аутификация деп жатады ғой, сондай нәрселерді істеп қойғанбыз.
Еске салсақ, ғаламтор қарақшылары бұған дейін экс-Кешьюлік Балжан Бидаштың 700 мыңнан аса оқырманы бар аккаунтын бұзып, әнші сол күйі парақшасынан көз жазып қалған еді. Көп ұзамай актер Жахан Отарғалиевқа тұрмысқа шығып, отбасылық контент ұсынып жүрген Бидашка небәрі 3 айдың ішінде фолловерлер санын 800 мыңға дейін жеткізді. Ал Асылхан Төлепов пен Ерік Хамидуллаев инстаграм әкімшілігіне хат жолдап, аккаунттарын қайтарып алған болатын.