Карантинға қарамастан кассалық табыс жинаған қай картина?

Сообщить о проблеме с эфиром

Карантинның кесірі шоу-бизнес саласын да айналып өтпегені сөзсіз! Елдегі ахуалға байланысты көп киногерге картиналарын сандыққа салып қоюға тура келді. Мәселен, көрермен тағатсыздана тосқан Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Турции», Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабинасы» және Бүркіттің «СупӘрагенты» қашан жарық көретіні әзірге белгісіз.

Биыл кинопродюсерлер қатарына қосылған Айқын Төлепберген де тырнақалды туындысын көптің таразысына сала алмай келеді. Себебі, лентаға қомақты қаражат жұмсаған ол, кеткен шығынды өндіру үшін кинотетарлардың 100 пайыз ашылғанын күтпек.

Айқын Төлепберген, әнші:

– Енді қазір 30 пайыз ғана халық баратын кезде, ыңғайсыздау болды, бір жағынан біздің киномыз көктем туралы. 8 наурыз мейрамы туралы, гүл туралы. Сондықтан 8-ші наурызға арнайы түсірілген кино болғандықтан, 8 наурызда шығады.

Асқар Бисембин де фильмі сақадай сай болса да, тұсаукесерден бас тартқан-ды. Режиссер жоспар бойынша, «Суперагент келинка» картинасын қазан айының 26-сы үлкен экрандарға ұсынуы керек еді.

Асқар Бисембин, режиссер:

– Кейінге шегеруге тура келеді, басқа не істейміз. Бұл мәселемен ештеңе жасай алмаймыз. Әзірге біздің мақсатымыз барынша фильмді толығымен дайындап қою. Ары қарай не болары уақыт көрсетер.

Десе де, бұл кезеңде киносаласындағы мүлгіген тыныштықты бұзуға батылдық танытқандар да жоқ емес. Кинотетарлар ашыла сала, тәуекелге бел буып, туындысының тұсауын кескен Тимур Бақтыбаев болды.

Тимур Бақтыбаев, продюсер:

– Мен өзімнің киномды бірінші шығару себебі ол, мен мына кинотеатрларға бір өзімнің қол ұшымды бергенім. Себебі қазіргі жағдайда қиын. Оларға да қиын, үлкен мынағы шығынға батып жатыр.

Еске салсақ, бұл карантин кезінде үлкен экранға жол тартқан Бақтыбаевтың жалғыз фильмі емес. Продюсердің бір апта бұрын жарық көрген «Папа по неволе» комедиясы бүгінде кассалық табысы жағынан топ үштікте.

«Ticketon.kz» сайтының мәліметінше, өткен уик-эндте 27 млн теңгемен «Семейка Крудс: Новоселье» мультфильмі көш бастаса, «Папа по неволе» 10 млн-мен екінші сатыда, ал үшінші орынға 3 млн-нан аса кіріс көрген америкалық «Новые мутанты» фантастикалық лентасы жайғасқан.