Бұл қойылымнан көзіңіз үйренген әйгілі актерді емес, белгісіз Әшімовті табасыз. Таныс та бейтаныс Асанәлі ешкімге айтпаған мұң-сырын моно-спектакль арқылы көрерменге жеткізеді. Үлкен залда бір ғана адам, аңыз актердің өткен өмірінің бөлшектері мен естеліктерін, оның жеңісін, өкінішін, жақындарын жоқтағандағы жан азабын құлаққап арқылы сезіне алады...
Алғашқы көрермен Асанәлі ағамыздың өзі. Актер толғанысын жасыра алмады. «Тыңдаған әр адам ішінен керегін алса екен», - дейді.
Асанәлі Әшімов, Қазақ КСР халық артисі:
– Мынау спектакльден кейін, көрермен сол ойымен кетсе... Осындай болған екен ғой, басынан осындай уақиғалар өткен екен ғой деп. Бір адамның өмірін танып кетсе, соған құрылған спектакль.
«Сөз құдыреті шексіз, 18 жыл бұрын «Жанбөлекті» бір түнде оқып, Асекеңнің етегінен ұстап кете бардым» деген актердің жары Бағдат апай, қойылымға көп көмегін тигізген екен.
Бағдат Әшімова, А.Әшімовтың жары:
– Біз дайындық барысында, Фархад Молдағалиға реквезиттарды беріп, фотоларды алып, солай көмектестім. Ал бірақ іс жүзінде қалай өрбиді, сол спектакльдің ішіне кіріп кету үшін қандай болатынымды әлі білмеймін. Ешкім араласпайды, ешкім тыңдамайды сол бір жабық ортаның ішінде жалғыз отырып, Асекеңнің ішкі жан дүниесін сезінесің.
Ерек жобаның режиссері – Фархад Молдағали қойылымнан көрермен өзіне керегін тауып кететініне сенімді. «Асанәлі ағаның жан дүниесіндегі жауһарлар бүкпесіз баяндалады», - дейді ол.
Фархад Молдағали, режиссер:
– Бұл жерде ол кісінің кинодағы биік, театрдағы биік жеткен жетістіктері туралы айтылмайды. Бұл адамның жеке өмірі, жеке оның өмірінде болып жатқан жеңістер мен жеңілістер, қуаныштар мен қайғылар. Өздеріңіз білесіздер Асанәлі ағамыздың қандай өзі болса да, басынан үлкен трагедиялық жағдайлар өткен.
Ал моно-спектакльге мұрындық болып, бәрін ұйымдастырып жүрген ақын, жазушы Мақпал Жұмабай бұндай экспериментке барғанына қорықпайтынын айтады.
Мақпал Жұмабай, ұйымдастырушы:
– Жалпы моно-спектакльдер біздің елімізде бар, бірақ бұндай көркемдік шешіммен тұңғыш рет деп ойлаймын. Асанәлі ағаның жандүниесін үңілу оңай шаруа емес деп ойлаймын және сол әлемге үңілуге рұқсат бергені үшін абыз атамызға рақмет айтқым келеді.
Атылмыш спектакль 24-ші қазанға дейін көрермен назарына ұсынылады.