«Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының бесінші маусымы өз мәресіне жетті! Бұл жолы аталмыш сайыс сақтық шаралары мақсатында көрерменсіз, телевизиялық форматта ұйымдастырылып отыр. Конкурста әділқазылық еткен Маржан Арапбаеваның айтуынша, талантты балалар үшін «Бала дауысы» өзін танытуда таптырмас мүмкіндік.
Маржан Арапбаева, әнші:
- 100 пайыз әділ өтеді және де балаға жеген үлкен мүмкіндік бар былай айтқанда әлемдік деңгейге көтерілуге. Елімізді басқа мемлекетке таныту және де өз-өзіне сенімді болу дегендей. Бұл үлкен сабақ, бұл үлкен мектеп балалар үшін.
Конкурс барысында басы-қасы 5000-нан астам қатысушының ішінен 20 үздік өнерпаз іріктелініп алынған. Эстрада жұлдыздарының әрқайсысы 4 баланы топтастырып, оларға тәлімгерлік еткен.
Бейбіт Кушкалиев, әнші:
- Тәлімгер ретінде әрине оңай болмайды балдармен жұмыс жасаған. Оның үстіне бұл балдар үшін бірінші жаңағы үлкен сахнаға шығу қадамы болғаннан кейін оған жаңағыдай күш жігер түсіндіріп жұмыс жасаймыз ғой сол үшін әрине қиын болады.
Сайыста бірнеше жыл қатарынан қазылық еткен Аян Бірбаев болса, «Бала дауысының» сахнасында өнер көрсету, бүлдіршіндер былай тұрсын, әр әнші үшін арман деп отыр. Себебі «Rin’Go» тобының мүшесі мұндай әсем безендіруді өз тәжірбиесінде көрмегенін айтады.
Аян Бірбаев, «Rin’Go» тобының әншісі:
- Мәссаған енді ана сахнаны көрсеңіз, біздің «Ринго» тобының шыны керек енді, «Ринго» тобының онжылдық мерейтой концерті ондай күшті болмады да, жаңағы декорация жағынан, видео жағынан алатын болсақ та. Балаларға өте күшті мүмкіндік берген.
Ал дәл осындай сахнада «Бала дауысы» байқауының гран-приін иемдену Саакян Арменге бұйырды. 12 жастағы өнерпаз Маңғыстау қаласының тумасы. Жеңімпаз Ұлттық «Шабыт» өнер академиясына грантын және «Диснейлендке» жолдама ұтып алды.
Саакян Армен, жеңімпаз:
– Мен болашағым үшін спорт пен музыканың арасында таңдау жасауым керек болды. «Бала дауысындағы» жеңісім маған жол көрсетті деп ойлаймын.
Ал Саакянның жетекшісі Әділжан Омаров шәкірті марапатты еншілегенде құдды өзі жеңіске жеткендей күйде болғанын жасырмайды.
Әділжан Омаров, «Rin’Go» тобының әншісі:
– Өз командамнан біреуі жеңіске жетсе екен деп тіледім. Арменнің атын естігенде, қуандым. Себебі, бұл «Бала дауысы» конкурсындағы тәлімгер ретінде мен үшін алғашқы жеңіс.
Еске салсақ, «Бала дауысы» конкурсы Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының бастамасымен ұйымдастырып отыр.