Бұл кішкентай Қарақат Башановаға шет елге жолдама алып берген «Forever» әні. Өлең арқылы әкесіне сағынышын жеткізген бүлдіршін әділқазы алқаларының көздеріне жас алғызған болатын. Енді міне Қарақат Польшада ел намысын қорғамақ.
Қарақат Башанова, «Junior Eurovision» қатысушысы:
– Осы жылы жеңіске жетемін деп ойлаймын. Өйткені бұл өлеңнің тарихы бар да. Сондықтан жеңіске жетемін деп ойлаймын өзімді. Енді қолдан келгеннің бәрін істеуге тырысамын. Маған артқан сенімдерін ақтауға тырысамын.
Башанова бүгінде сайыста көрсететін клипінің түсірілім жұмыстарын аяқтап, оны байқаудың ресми парақшасына жариялап үлгерген. Туындыны екі күнде 50 мыңға жуық адам тамашалаған. Бейнебаянға режиссерлік еткен «new york film academy» түлегі – Мәлік Зенгер. Мәлік: «Бейнебаян бүлдіршіннің жан дүниесіндегі толқынысты толықтай көрсетеді. Әкесіне деген сағыныш айтылады», - дейді.
Мәлік Зенгер, режиссер:
- Кішкентай Қарақаттың әніне клип таспаладық. Ол Польшада өтетін «Junior Eurovision» жобасына қатысатын мықты қыздардың бірі. Уақыт тығыз болғандықтан біз тез түсірілетін, бірақ желісі ерек клип таспалаймыз деп шештік.
Тағдыры мен туындысы сәйкес бүлдіршін іштей қобалжып жүргенін жасырмайды. Десе де: «Режиссердің айтқаны заң», - деген Қарақат аталмыш сайыстың салмағын сезіп тұрғандай.
Қарақат Башанова, «Junior Eurovision» қатысушысы:
– Енді кішкене қобалжып тұрмын. Бірақ режиссердің айтқанын істейміз. Істеуге тырысамын бәрін. Енді қобалжу бар. Өйткені егерде біз Варшаваға барсақ, мен ондай дәу, әлемдік аренада әлі айтып көрмегем. Ал былайша өзіме сенімдімін.
Варшавада өтетін «Junior Eurovision» сайысының 18-ші маусымы бұл жолы онлайн форматта, 29 қараша күні өтеді.