Оларды Ресей эстрадасындағы Валерия мен Егор Кридқа теңеп жатқандар жетерлік! Мәдина Сәдуақасова 2rar есімді жас әншімен дуэт жазып, ел назарын елең еткізді! Жаңа нұсқа, ескі әнді жаңғырта ала ма?
Бүгінде Мәдина Сәдуақасованың «Жұлдызды түнде» трегінің жаңа нұсқасы қызу талқыда! Ерекше етіп елге ұсынылған дуэт біріне ұнаса, енді бірі оны Ресейлік Егор Крид пен Валерияға теңеп жатыр.
Еске салсақ, Мәдинаның бойтұмарына айналған танымал тректі өзгертіп, халыққа жаңаша етіп ұсынған Тұрар есімді жас әнші. Сәдуақасова бастапқыда бұл туралы ұзақ ойланыпты. Бірақ Мәдина: «Әнді тыңдап көрген соң ойым өзгерді», - дейді.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Сөздері мүлдем өзгертілген, подача басқаша, Тұрар кәдімгідей мықты екен. Оқығаны да жаңағыдай рэп. Барлығы тамаша, уау это новое дыхание деп.
Жас орындаушымен дуэт құрып, ескі әнге жан сыйлаған жалғыз Мәдина емес. Бұл үрдісті бес жыл бұрын Айжан Нұрмағанбетова мен Қайрат Түнтеков бастады ма деп қаласың. Өйткені аталмыш екеуі «Мен деп ойла» әнін жаңартып, сахнада орындап жүрді. Қайрат сол дуэттің сәтті болғанын, әрі бірқатар танымалдылық алып келгенін мойындайды.
Қайрат Түнтеков, әнші :
- Біраз продюсерлермен жұмыс істеп тастадым. Біраз нәрсені көрдік, үйрендік. Сондықтан Қазақстанда өзіміз жүре береміз осылай жұмыс жасап.
Айжан Нұрмағамбетова да: «Жүрген жерімде сол әнді сұрайтындар көп. Клип түсірмей-ақ өз тыңдармандарын тапқан ән ғой», - дейді.
Ал Дильназ Ахмадиева болса, өткен жылы ғана The Limba есімді әншімен коллаб жасап, өз аудиториясың жасартуды мақсат тұтқан. Нәтижесінде, тыңдарманды «Классно» трегімен таңғалтқан еді.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Ол қазір өте танымал бала ғой. Жақсы трек жазған сияқтымыз. Бір ұнағаны ол жұмыста өте тез әрі сапалы жасайды екен.
жастармен дуэт айтқан әншілердің қатарында Роза Рымбаева да бар. Халық әртісі ұлы Әли Оқапов және рэпер Big Som-мен бірге «Беш» атты ән жазып казнетті шулатқан-ды.