Біздің өнер өкілдерінің арасында да Гарик Харламов пен Кристина Асмус сынды елді елең еткізіп, екі жаққа кеткен жұлдызды жұптар жетерлік. Мәселен, әйелімен ажырасқан Алмас Кішкенбаев қыздарын сағынып жүрсе, Ерке Есмахан қайтадан ғашық болуға асық. Бұдан өзге, өткен өмірі шулы қандай әртістер бар?
Аумалы-төкпелі шоу-бизнесте шусыз ажырасу мүмкін емес. Бәрі әрдайым көрерменнің жіті назарында. Мәселен, біраз уақыт бұрын ажырасқанын мәлімдеген Алмас Кішкенбаев сан сауалдың астында қалған еді. Не себепті жарымен жолдары екіге бөлінгенін айтпаған Алмас, бүгінде қос қызын қатты сағынып жүрген сияқты. Себебі екі қарлығашының суреттері мен видеоларын желіге жиі жүктейді.
Бірнеше жыл бұрын екінші рет үйленген Мұрат Қожаны да жазғырғандар көп болды. Тіпті, қыздары бір сөзінде:«Сен бізді сатып кеттің», - деп кінә артқан. «Бірақ бүгінде бәрі реттелді», - дейді әнші.
Мұрат Қожа, әнші:
- Басында елдің бәрі мені талқыға салып, әйелінен ажырасып кетіпті, үш қызын тастап кетіпті деп. Үш қызыммен араласамын, аллаға шүкір. Бәрімен жақсымын.
Мұрат мырза, ажырастың деп айыптағандардан шаршаса керек, жеке өмірін әліге дейін қара құлыпта ұстағанды жөн көреді.
Мұрат Қожа, әнші:
- Енді бәрі үйренді ғой халық. Құдайға шүкір, қыздарым бар. Әйелім бар. Аллаға шүкір, өмір жақсы. Астанада өмір сүріп жатырмыз, бәрі жақсы. Ешқандай проблема жоқ қазір.
Ал осыдан біраз жыл бұрын іргелері ажыраған Асхат Садырбай мен Ерке Есмаханды ел, әліге дейін талқылауын қояр емес. Бірақ бүгінде жүрегінің жартысын іздеп жүрген Ерке үшін бұл жабық тақырып. «Артқа қарайлағым келмейді», -дейді әнші.
Ерке Есмахан, әнші
– Өмірдегі ең жаман нәрсе, ең қорқатын нәрсем жалғыздық. Сондықтанда мен ешқашан жалғыз болғым келмейді. Бәрібір не дегенмен кішкентайым бар. Ақыл тоқтатқан қызбын. Біраз сынақтардан өттім.
Танымал тележүргізушіден бір ұл тәрбиелеп отырған Ерке, енді қателескісі келмейді. «Бұрынғыдай алып-ұшып тұрған жоқпын» деген оның сүйіктісіне қояр талаптары бар.
Ерке Есмахан, әнші:
– Махаббат болса енді, бұрын айтуым мүмкін бәрін тастаймын да, кетем тастап та кеткен кездер болған. Бірақ қазір өйтіп айта алмаймын. Ол адам мені жақсы көрсе, осындай менің жұмысыммен, осындай қалпыммен жақсы көріп мені қабылдауы керек. Және әрине көп нәрсені тоқтатар едім.
Естеріңізге сала кетейік, екінші рет шаңырақ көтерген Асхат Садырбай жақында тағы елді бір шулатып ажырасып кеткен болатын.
Ал кезіндегі «AMOuAGE» тобының солисі Анастасия Клещенко мен тележүргізуші Алан Черкасовтың даулы ажырасуын жұрт әлі ұмыта қоймаған. Желіге күйеуін жамандап пост жазған Настя, бүгінде сол қылығы үшін өкінеді екен.
Анастасия Клещенко, әнші:
- Иә, Аланға қатысты жазбаны жариялау бұрыннан ойымда болды. Мен өз-өзіммен жұмыс істеп, осындай тоқтамға келген едім. Негізі, бұған дейін артық нәрселер айтып, отбасымның ешкім естімес құпияларын сыртқа шығардым. Сол қылықтарым дұрыс болмады. Өкінішке қарай, адамдарға ақыл бірден келмейді.
Жоғарыда аты аталғандардан бөлек, ажырасулары ұзақ уақыт талқыға түскен жұлдыздардың ішінде: экс-Есентаева, Айқын Төлепберген, Дәурен Айдарқұлов, Сая Оразғалиева, Сейфуллин Жолбарыс бар.