Мақсатқызы сынды құдаларын құдайындай көріп, құрбыларша сырласуды жөн көретін шоу-бизнес өкілдері жетерлік. Мәселен, 5 бірдей немеренің әжесі Гүлзира Айдарбекова инстаграмда қос келінінің аналарымен түскен суреттерін жиі жүктеп отырады. Тіпті шетелге демалуға барғанда да құдағиларын ұмытпайды.
Ал тұңғышын үйлендіріп, жас та болса, құдағи атанғандардың бірі – Ақбота Керімбекова. Ұлы Біржанның тойында өнердегі аға-әпкелерін басып озып, келінді болғаны үшін әзілдеп кешірім сұраған да еді.
Ақбота Керімбекова, әнші:
- Енді көп алдымдағы аға-әпкелерімнің алдынан өтіп кетіп жатырмын. Енді бұйрық солай болып жатыр ғой. Сол себептен кешірім сұраймын. Жұғысты болсын енді осы қуаныш.
Әнші Шахизада болса, бір емес, екі рет құдаласып үлгерген. Тұңғышы Олжастың алғашқы некесінен 2 немересі бар өнер иесі, бүгінде 3 бірдей бүлдіршіннің асыл әжесі. Әнші қадірлі құдағи ғана емес, қатал ене екенін
жасырмайды.
Шахизада, әнші:
- Бірінші кездегі қателікті қазір енді жасамаймын. Қазір келінді, келіндей жұмсайын деп отырмын. Келін өзінің келін екенін білу керек. Енесі бар екенін білу керек.
Ал Шахизада сынды қатал құдалары үшін, Салтанат Қалиева қызымен жүздесе алмай жүр. Еске салсақ, тележүргізуші небәрі 40 жасында қызы Айдананы ұзатып, ене атанса, 41-інде немерелі болған еді.
Салтанат Қалиева, тележүргізуші:
- Өзімді кереметтей әже екенімді сезініп жатқан жоқпын. Ұлдарым әлі кішкентай, қызым Қызылордада тұрады. Жиі көрмейміз. Төркіндетіп анда-санда келеді, күйеубаламыз қаталдау ол жағынан, қонуға рұқсат бермейді.
Сондай-ақ әнші Абай Бегей, актер Дәулет Әбдіғаппаров, продюсер Алтынбек Рахметов те ұлын ұяға, қызын қияға қондырған шоу-бизнестегі құдалар.