Күні кеше ел президенті Қасымжомарт Тоқаев лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістерге қол қойды. Енді әлеуметтік желіде ойын өткізгісі келгендер заң алдында жауап беретін болады. Бұл бастамаға шоу-бизнес өкілдері не дейді?
Бұдан былай Қазақстанда «Лотерея» сөзін қолдануға тыйым салынады және ұлттық лотерея операторларынан бөлек, лотерея ойынын өткізгендер сот алдында жауап береді.
Заңдағы бұл өзгертуді шоу-бизнес өкілдерінің бірі құптаса, енді бірі елемеген кейіп танытуда. Бірақ басым бөлігі жаңа қаулының күшіне енгеніне қуанышты. Мәселен, Тәуекел Мүсілім: «Қарапайым халықтың арқасында қалтаны қампайтқанды қою керек», - деп кесіп айтты.
Тәуекел Мүслім, актер:
- Мен дұрыс қараймын бұндай заңға және барынша қолдаймын өйткені бұл лотереяның көбею себебі де бекерден бекер емес. Демек ұйымдастырып жатқан адамдар содан бір пайдасын көріп отыр.
Тәуекелдің пікіріне толықтай қосылғандардың бірі – Бағлан Әбдірайымов болды. Әнші: «Ат төбеліндей ғана топ ұтып, қалғаны жер сипап қалатын бұндай ойындарға тыйымның салынғаны дұрыс болған», - дейді.
Бағлан Әбдірайымов, әнші:
– Жалпы мен өзім лотерея дегенге мен де қарсымын. Неге десеңіз, құр билет сатып, «ұтысқа қатыс» деп солай жасалатын болса ол енді шынымен дұрыс емес. Өйткені мың билет сатылса ол жерде үш адам, жүз шақты адам ұтысты болатын шығар. Бірақ 900 адам далада қалып кетеді деген сияқты.
Бірақ, «өзіңізде лотерея ұйымдастырдыңыз ғой?» деген сауалға Бағлан мырза мүдірмеді. «Мен кітап саттым. Қасына семинар мен қайырымдылық шаралар қостым», - деп жауап берді.
Бағлан Әбдірайымов, әнші:
– Ал енді неге мен жасап жатқанымды өзім шырылдап қорғап жатырмын, өйткені кітапты сатып жатырмын ғой, яғни өзімнің оқырмандарымды көбейту үшін мен ынталандыру, бағалы-бағалы сыйлықтарды қойдым.
Ал әнші Тамара Асардың өзі бұндай лотереяларға сенбейтінін айтады және «жұрт та бұдан жырақ жүрсе екен» дейді.
Тамара Асар, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл недеген батпан құйрық, далада жатқан құйрық деп. Өзіме өзім түсінбедім. Одан мен қомақты байып кете қоймайтын шығармын.
Естеріңізде болса, лотерея туралы үлкен дау – Ернар Айдар жарнамалаған ойыннан кейін басталған еді. Әнші 3 жарнамалық видеоға түсіп, әр роликтан 1 миллион теңге алған. Сол жағдайдан кейін халық тарапынан өнер өкілдеріне шағымдар мен арыздар көбейіп кеткен-ді.