Есесіне, отандық шоу-бизнестің арулары күйеулерінің фамилиясын алуға дайын! Мәселен, экс-кешюлік Ақбота - Айдарқұлова атанса, Жұлдыз - Төлепберген деп тегін өзгерткен. Тіпті, Луина енді Обухова. Өнер иелерінің мұндай қадамына не себеп? Әлде бұл сүйген жарларының қатаң талабы ма?
Әлі күнге дейін Баян Мақсатқызын «Есентаева» деп шатасатындар жетерлік. Атышулы продюсер экс-жұбайының фамилиясын брендке айналдырғаны рас. Сондықтан болар, бұдан-былай оның Алагөзова болатынын естіген жұрт қатты таңырқаған еді. Тіпті кей әріптестері аты-жөнінің ауысқанын құп көрмеді.
Айқын Төлепберген, әнші:
- Әрине, Есентаеваға үйреніп қалдық. Баян Есентаева!!! Фамилиясын өзгерткеннен оның оқырмандары, қолдайтын адамдары азайып немесе көбейіп кетпейді. Өмірдегі кішігірім өзгеріс деп ойлаймын.
«Melo'Men» тобы:
- Енді Баян Есентаева өзінің фамилиясында қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, ол кісі сол фамилиясымен көтерілді. Сол фамилиямен атын жасады. Халыққа Есентаева болып танылды ғой. Сол фамилиясы хит қой негізінде...
Десе де экс-Есентаева енді Алагөзова тегін танытпақ ниетте.
Ал Луина бүгінде Обухова! Былтыр ғана қалыңдық атанған әнші, тегін ауыстыруға бірден келіскен. Сылқым солай сүйіктісіне деген сезімінің адал екенін білдіргісі келгендей.
Луина, әнші:
-Менің өзіме өте ыңғайлы. Себебі мен осылайша өзімді толыққанды бақытты сезінемін.
Айқын болса, жұбайын Жұлдыз Төлепберген деп атап жүр. Өмірғали тегімен танылған экс-кешьюлік сылқым, әзірге заңды түрде тегін ауыстырып үлгермеген. Бұл үрдіс ерлі-зайыптылардың тойынан кейін жүзеге аспақ.
Жұлдыз Өмірғали, әнші:
- Біз той жасамаған болатынбыз. Бірақ, планда бар. Келесі жылы болып қалуы мүмкін.
Жұлдыздың құрбысы Ақбота да күйеуінің қалауымен Айдарқұлова атанған. Бірақ әнші өнерде Сейітмағамбет тегімен қалды. Себебі, ол жеке әнші ретінде дәл осы фамилиямен танылғанын айтады.
Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:
- Негізі Дәурен бұрыннан ұсыныс тастайтын. Мен енді шамалы еркелеп, қырсықтанып, жауабымды айтпай жүрген болатынмын.
Еске салсақ, Алуа Қонарованың шәкірті экс-«Аюмилік» Айдана Мәлік те тұрмысқа шыға сала жұбайының тегін алған еді.