«Голос Украина» шоуы өз мәресіне жетті! Өкінішке қарай байқауда отандастарымыз Индира Еділбаева мен Ерлан Байбазаров жеңімпаз атана алмады. Әншілерді суперфиналда сүріндірген не? Әлде, сайыстың әділ өтпегені ме?
Осымен 10-ші мәрте ұйымдастырылған «Голос Украина» шоуының суперфиналы онлайн форматта өтті. Диджитал технологияның көмегімен өнерпаздар өз үйлерінде отырып-ақ өнерлерін ортаға салды.
Музыкалық конкурста Индира Еділбаева мен Ерлан Байбазаров бастаған 20 қатысушы бақ сынады. Көрермен бірінші кезеңде, әр тәлімгердің үздік шәкіртін таңдап алса, екіншісінде жеңімпазды анықтау үшін дауыс беруі керек еді.
Инди мен Ерлан ақтық сынға жолдама алғанымен, дауыс аз жинап, суперфиналда сүрініп отыр. Көрерменнің басым бөлігі таңдауын Роман Сасанчинге түсірген. Тина Карольдің шәкірті осылайша жеңімпаз атанып, Киев қаласындағы 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Еділбаева мен Байбазаров аталмыш жобаға қатысқалы, қазақстандықтар Индира мен Ерланды тани бастады. Мұны растаған отандық шоу-бизнес өкілдері аталмыш конкурс қос өнерпазға танымалдылық алып келгеніне сенімді.
Айқын Төлепберген, әнші:
- Индира сол конкурсқа қатыспай тұрып, Қазақстан оны танымайтын. Енді сол Украинаға барып, «Голостан» турдан өткеннен кәдімгідей қазақ елі танып жатыр. «Голос Украины» неге екенін білмеймін, Қазақстанда жастар жақсы бағалайды, кәдімгідей бақылайды.
Ал кезінде Индира Еділбаеваның музыкалық продюсері болған Әли Оқапов та әріптесінің жетістігемен мақтанады. Музыкант, «Голос Украинаның» арқасында Инди өзін шетелге көрсете алды деп санайды.
Әли Оқапов, әнші:
- Ақылына көркі сай, және шыныменде дарынды әнші. Сондықтан оны Украина елінде бағалап, шынымен де бағын ашып,тіпті сол ТМД елдеріне немесе тіпті бүкіл әлемге танымал етсе, әрине қуанамыз.
Ал талантымен тәнті еткен Инди мен Ерлан болса, «Голос Украина» шоуында жеңілдім деп, кері шегінуге құлықсыз. Конкурс керісінше, шалқар шабыт сыйлады деген қос өнерпаз шығармашылықтарын әрі қарай шыңдап, бұдан да үлкен сахнаны бағындырмақ ниетте.