Табысынан қағылғандар қатарында қарапайым жұрт қана емес, сахнада сайран салған жұлдыздар да бар. Той тоқтап, шаралар шегерілгелі бері олар да мемлекеттік көмекке жүгінуге мәжбүр. Әсіресе 42 мың 500 теңгеге өтініш берген әртістер қауымы көп екен. Мәселен экс-Алаулық Ержан Мұқатай бұл жәрдемақыны бірден алыпты.
Ержан Мұқатай, әнші:
– Өкімет бөлген 42 мың 500 теңгені мен алдым. Бірден алдым десек те болады. Өйткені көбісі әлі күнге дейін күтуде ғой. Мен де бұл жағдайға шыны керек таңғалдым. Ол сумманы ешқайда жаратқан жоқпын әлі күнге дейін.
Ержан қаржыдан қысылып жүргенін жасырмайды. «Алда қандай қысыл-таяң кездер болары беймәлім» деген әнші, бес күндігін ойлап жүретін болып шықты.
Ержан Мұқатай, әнші:
– Бұл енді көп те емес, аз да емес сумма. Оның үстіне карантин қай мезгілге дейін болатынын нақты әлі ешкім білмейді. Сондықтан сақтандыру ретінде қалдырдым десек те болады өзіме. Енді әртістердің көбісі қазір табыс жағынан әлсіреп қалды ғой. Сондықтан осындай шешім қабылдадым.
Белгілі блогер Жансерік Қадырбаев та аталмыш жәрдемақыны иемденген. Бірақ бірден кері қайтарған. Өйткені Жансеріктің орта және кіші кәсібі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Жансерік Қадырбаев, блогер:
– Иә, 42 500 теңге маған да түскен болатын. Заявка беріп жатқанда «егер осы түссе, мен қайырымдылыққа бөлемін» деген оймен бергем ғой. Еще менің ИП-ымда, яғни индивидуальный предприниматель болғандықтан орта бизнес, шағын бизнес, кіші бизнес дейді ғой, доход болмаған. Бірақ осы айдың аяғында бір компания, енді ол да жақсы шығар. Бір ақшаны аударатын болғандықтан арым таза болсын деп мемлекетке қайтып қайтарып бердім.
«42 500 теңгеге өтініш бердіңіз бе?» деп көптеген әнші, әртістерден сұрағанымзда олар бұл сұраққа жауап беруден түбегейлі бас тартты. Кім білсін, бір тойдан миллиондап қаржы алып жүргенде, күндерінің 100 долларға қарап қалғандарына қысылған болар.