Карантиннің жұлдызды ата-аналарға да кесірі тиіп жатыр. Үй көрмей, концерт пен түсірілімдерде жүретін өнер өкілдеріне, балаларын үйде оқыту қиынға соғып жатқан көрінеді. Мәселен, инстаграм жұлдызы Дана Есеева мектеп жастағы ұл-қызын оқытамын деп әбден шаршаған.
Актриса әрі вайнер Дана Есеева күні бойы балаларының оқуы мен үй тапсырмасынан босамайтынын айтады. Десе де, инстажұлдыз «әрдайым видеодағыдай әдемі киініп, ұстазбен байланысқа шығатынымыз рас»,- дейді.
Дана Есеева, актриса:
- Балапан телеарнасынан 9-30 да және сағат 10да таңертеңгі бағдарламаның түсіндіруі болады. Одан кейін сынып жетекшілері вотсаптан тағы да түсіндіреді. Дәптерлерін суретке түсіріп жібереміз, мазмұндамаларын видеоға түсіріп жібереміз. Енді қашықтан оқу сондай болып жатыр.
Балаларының болашағын бірінші орынға қоятын инстаграм жұлдызы, ұстаздарсыз қиналып жүргенін жасырмайды. «Қанша дегенімен, мектептегі оқу мүлде бөлек», - дейді ол.
Дана Есеева, актриса:
- Енді апайдың өзі түсіндіргені, былай сыныпта көргенге жетпейді оқу. Бірақ тырысамыз. Шынымен уақыт көп кететін болды үй жұмысына тақырыпты түсіну үшін, тағы да вотсапты бірнеше рет тыңдаймыз. Ата-аналарға айтарым, шыдамды болыңыздар. Балаларды мұғалімдермен бірге, ұстаздармен бірге үйретейік, енді бір-екі ай шыдайық. Ертең бәрі жақсы болады.
Тележүргізуші Айгүл Мүкей де тұңғышының қашықтан оқуға көшетінін естіп, қатты алаңдаған.
Айгүл Мүкей, тележүргізуші:
- Жасыратын ештеңесі жоқ, әрине басында паника пайда болды. Қалай оқиды, қандай приложение арқылы шығады эфирге байланысқа. Бірақ бірінші күннен бастап жақсы болып жатыр сабақтар 9-20 да басталады. 4 сабақ болады.
Есесіне, бүгінде Әсанәлі онлайн сабақтың озаты. «Менің көмегімсіз үй тапсырмасын орындайды», - деп мақтанған журналист, ұлының оқуына арласпаса да, үлгерімін жіті бақылап отырады.
Айтпақшы тележүргізушінің өзі де қашықтан оқытуды қолға алған. Шабыт өнер академиясының ұстазы ретінде, Мүкей ханым ата-аналарды шыдамдылыққа шақырып, мұғалімдерге түсіністікпен қарауды сұрайды.
Айгүл Мүкей, тележүргізуші:
-Тапсырма беріп жатырмын, ютубқа шығамын, шығарамын өз лекцияларымды шығарамын. Сондықтан көңіл-күйлеріміз жақсы. Бірақ көктем келіп өтіп бара жатыр. Бірақ бір уайымдар бар. Дегенмен де түсініп жатырмыз ол дұрыс жағдай деп.