«Коронавирус» кезіндегі ең қажетті заттар! Әйгілі «Time» журналы дүние жүзіне таралған дертке байланысты тапшы болған тауарлар тізімін анықтады. Белгілі басылымның мәліметінше, бүгінде күллі әлем бойынша медициналық маскаға деген сұраныс көбейген.
Вирустан сақтану үшін киетін маскалардың бағасы да қымбаттап кеткені жасырын емес. Дәл осы мәселеге қатысты отандық жұлдыздар жаппай дабыл қағуда. Өнер иелерін медициналық масканың аздығы мен оның құнының көтеріліп кеткені қынжылтады.
Медициналық маскадан бөлек, пандемия кезінде халық жаппай азық-түлік пен күнделікті өмірге қажет заттарды таласа сатып алып жатыр. Тіпті, дүкендегі сөрелер бос қалуда.
«Time» журналының сапартамасы бойынша Гонконг және Австралия елдерінде әжетхана қағазына деген сұраныс көбейгендігі сонша, бұл тауар тұтынушылар арасында дефицитке айналған. Оған қоса, халық ұзақ сақталатын өнімдер мен тез әзірленетін рамен кеспелерін жаппай сатып алып жатыр.
Алайда, отандастарымызға байбалам салудың қажеті жоқ. Қазақстан үкіметі халықты барлық тауармен қамтамасыз ететінін айтады. Ал, мамандардың пайымынша, ең әуелі қол жууға арналған сабын мен үйді тазалауға арналған жуғыш заттарды алу керек. Сонымен қатар, әр үйде дәрі қорабы тұруы тиіс.