Ринат Зайытов үнемі ел назарында! Оның әр әнге жазған сөзі лезде халық арасында тарап, хитке айналады. Ақынның неліктен көптен бері көрінбей кеткенін біз анықтап көрдік.
Ринат Зайытов, ақын:
- Енді әлдебір адамдар болады да, өзі сондайды жақтырмайтын. Бет саудасын, жаңағы барып, көрінген жерде жылтыңдай беруді жақтырмайтын. Және, ол мінез ақындардың арасында өте көп кездеседі.
Көп көзіне түсе бергенді ұната бермейтін ақын, бүгінде біраз өнер өкілдерімен тығыз шығармашылық байланыста екенін айтады. Бірақ «әншінің де әншісі болады» деген ол, сөз сұрап келгеннің бәрімен бірдей жұмыс істей бермейді екен.
Ринат Зайытов, ақын:
– Енді өзің жазған сөзіңді кім көрінген айтып тұрғанын ешкім қаламайды ғой мысалы. Мен қаламаймын өзім жазған әнді қазақша білмейтін, не айтып тұрғанын білмейтін әншілердің айтқанын.
Азулы ақын қаражат қысқанда таңдауды шетке ысырып қоятынын да жасырмады. «Мен де бала-шаға асырауым керек қой», - дейді Ринат мырза.
Ринат Зайытов, ақын:
– Бірақ енді ол да өтірік шығар, тым таңдайды деген. Қаржы жағына келген кезде таңдамайсың, жаза бересің. Бірақ іштей бір ләззат алу болмайды ондай кезде.
Махаббат пен сезімге толы әндерінің жұрт жүрегіне жетуінің сыры неде? Өлеңге сұранып тұратын сұлулардың санасында серпіліс тудыратынын ақын айтып қалды. Басқа аруларға ән арнайтынынан шайырдың жары да біледі екен. «Бұған ол қалыпты қарайды», - дейді Зайытов.
Ринат Зайытов, ақын:
– Әлбетте! Менің жазған өлеңдерімнің жартысы мүлдем басқа адамдарға арналуы мүмкін. Жартысынан көбі болуы мүмкін. Енді ол жерде кез келген өнер адамының көңіл күйі ғой! Дәл бір осындай сәтте тұрып, бір адамдар болады өздері бір әнге айналып тұратын. Сол туралы ән жазғың келеді.
Бүгінде студияға түнеп, жыр жазып жүрген ақын, жақында жаңа, жақсы әндер жарыққа шығады деп түйіндеді сөзін.