Лос-Анджелесте көптен күткен «Мулан» картинасының тұсауы кесілді! Айтулы премьерада алғаш болып, шараға аса ыждахаттылықпен әзірленген Кристина Агилера көзге түсті. Еске салсақ, әншіге лентаның саундтрегін орындау бұйырған-ды.
Одан бөлек, Джет Ли де көптің назарында болды. Әлемге әйгілі актер қытайлық кинокешке қызын ерте келген. Сондай-ақ, бұл күні бас кейіпкер - Лю Ифэйге де паппарацци өкілдері тыным бермеді. Сылқым, сөзсіз тұсаукесердің жұлдызы.
Лю Ифэй, актриса:
- Дайындыққа небәрі 3 ай уақытым болды. Сол аралықта күнде, 6-7 сағатымды жаттығуға арнадым. Қылыштасып, айқасу оңай емес. Бұл көп күш және шыдамдылықты талап етеді.
«Мулан» картинасы өзі аттас анимацияның ремейгі саналады. Сюжет желісі бойынша, Қытай императоры «әрбір отбасыдан бір ер адам соғысқа аттансын» деген жарлық шығарады. Нәтижесінде, бас кейіпкер Мулан әкесінің орнына майданға баруға бел буады.
Ники Каро, режиссер:
- Фильм көптің көңілінен шығады деп үміттенемін. Туындыны еш қорықпастан таспалауға кірістім. Осыдан кейін, өзге киностудиолар әйел режиссерларды шақырады деп үміттенем.
Еске салсақ, Диснейлік туындыда отандасымыз Жайдарбек Күнғожинов бой көрсеткен. Шытырманға толы фильмде каскадерлік трюктерді орындау еліміздің «Nomad Stunts» ұжымына сеніп таспырылған еді. Фильмде сондай-ақ, Джет Ли де төбе көрсетпек.
Ал су жаңа «Мулан» картинасы 26-шы наурыздан бастап еліміздің үлкен экрандарына жол тартпақ!