Әлемнің стильді сұлуларының басын қосқан Париж фэшн уиктің қызықтары жалғасып жатыр! Тың топтамасын таныстырған Stella McCartney көрсетілімін кішігірім наразылық алаңына айналдырды! Дизайнер көптен бері қоршаған орта мен жануарлар өміріне алаңдап жүргені белгілі. Бұл жолы, бренд подиумға хайуанаттар образындағы модельдерді шығарып, көпті таңқалтты.
Stella McCartney дәл осылай жануарлар терісі мен ішіктерді қолдануға қарсылығын білдірген-ді. Ал хауанаттардан алынатын шикізатсыз-ақ, әсем киімдер әзірлеуге болатынын дизайнер жаңа коллекциясы арқылы дәлелдегендей. Ондағы үлгілердің көпшілігі сұр, қара, қоңырқай түстерден құралған. Топтаманың басым бөлігі – сырт киімдер.
Ал Stella McCartney идеясын Givenchy да қолдайды! Әлемге әйгілі брендтің кезекті коллекциясында жасанды ішіктер көптің назарына ұсынылды. Десе де, Париж фэшн уиктің аясында топтамасын таныстырған бұл бренд шоу ұйымдастырамын деп әуре сарсаңға түспеген-ді!
Көрсетілімі қарапайым өткен сән үйінің үлгілері де оғаштығымен ерекшелене қоймады. Классикалық стильде әзірленген тың топтама, көбіне қара және қызыл реңктерге басымдық танытқан. Сондай-ақ, Givenchy «тор принт сәнде», - дейді.