Әншілікті қойып, үлкен экрандардан актер ретінде көрінгісі келетін өнер өкілдерінің бүгінде саны артқан. Мәселен, экс-кешьюлік Элизат Берікова іріктеулер мен кастингтерге қалмай барып, отандық толықметрлі фильмде басты рөлді сомдады. Сылқымның құлшынысы қатты болған сыңайлы. Себебі, әнші қарсы болған күйеуін де ығына жығып алыпты.
Элизат Берікова, әнші, актриса:
- Әрине қарсы болды. Негізі үйдегілердің бәрі қарсы болды десем болады. Ешкім маған қолдау көрсеткен жоқ негізі.
Ал кезінде «Бір шанс бер!» деп шырқаған Жәния мен Сая бұл күндері гонорарлары жоғары актрисалар санатында. Алғаш ситкомнан бастаған олар бүгінде түрлі толықметрлі фильмдерде басты рөлді сомдап жүр. Тіпті блогер құрбылары Дана Есеевамен бірігіп өздерінің жеке картиналарын таспалуға кірісіп кеткен.
Жәния Джуринская, актриса:
-Біздің үштігіміз достықтың символы сияқты. Қарым-қатынасымызды брендке айналдыра білдік. Сондықтан біз үшін бұл жобаның орны ерекше. Бұл қадамға бару үшін ұзақ ойландық.
«Киноға тек жаңадан танылып келе жатқан әншілер кеткісі келеді» десеңіз қатты қателесесіз! Себебі қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар Мәдина Сәдуақасова да бұл бағытта бақ сынап көруден кетәрі емес. Әншінің тіпті іріктеулерді жағалаған кездері болыпты.
Мадина Сәдуақасова, әнші:
- Осыдан бір ай бұрын бір телесериалға түсуге шақырту алғанмын. Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды секілді нағыз кәсіби актерлардың ортасы болғандықтан жүрексіндім. Неліктен бас тартып келгенмін, бір рет болсын көруім керек қой дедім өзіме.
Бұдан бөлек отандық киноиндустрияда әншілікті ысырып қойып, актер болып жүргендердің ішінде: Тәуекел Мүсілім, Әсел Сәдуақасова, Индира Еділбаева сынды өнерпаздар бар.