Батпан құйрықтың қақпанда ғана болатынын әртіс біткен де, ел де естерінен шығарып алғандай. «Гарант 24 Ломбард» аталатын ұйымға жұрт жапа-тармағай көліктерін, үйлері мен мүліктерін қойып, үстіндегі үстемесінен пайда көрмек болған.
Бірақ бұл орталықтың басшылығы бір күнде ізім-ғайым жоғалып, халық басы-қасы 5 миллиард теңге көлемінде ақшасынан айырылған. Жазықты кім? Жарнамалаған жұлдыздар ма? Сеніп қалған ел ме? Неге ашулы адамдар өштерін өнер адамдарынан алмаққа ниетті? Бейнеролигінде бой көрсеткен Бағлан Әбдірайым «сендім. Дос, туысты тарттым» дейді.
Бағлан Әбдірайым, әнші:
– Қаржылық сауатсыздығымның тағы да бір дәлелі кеше ғана мынау Гарант 24 Ломбард иә сол бүкіл елді зар қақсатып, шулатып кетті. Яғни мен өзім барып сол жерге, көзбен көріп, естіп жүрген таныстарым содан арзан көлік алып, қымбат көлік сатып жүргенін көзбен көріп жүргеннен кейін, маған да керемет ұсыныс жасады. Мен енді бардым, жарайды сенген жоқпын, бірақ барғаннан кейін маған тақтаға сызып, көрсетіп бергеннен кейін, кәдімгідей көзімді жеткізіп болғаннан кейін, жарайды көлік туралы жарнамаға түсейін деп, түстім.
«Қармаққа ілігіп қалған жалғыз мен емес», – деген әнші, өнердегі біраз бауырларының жер сипап қалғанын айтады.
Бағлан Әбдірайым, әнші:
- Енді бұның ішінде бір қызық айтайын вайнер Мейіржан бар, Асылхан Төлепов бар, Айқын бар, Артур бар Төлепов, балалар да мысалы, өз көліктерін апарып, бұлар да түсіп қалып отыр! Елменен бірге! Сондықтан бұлардың да қазір, жандары ауырып, бастары қатып, кәдімгідей тақырға отырып қалып отыр негізінде.
Ал «енді жалған жарнама жасаған жұлдыздарды жазалаймыз» деген заң күшіне енуі мүмкін дегенді естіген өнер өкілдері, «бірден қатал шара қолданбайтын шығар» деп үркіп отыр. Мәселен, Жеңіс Сейдоллаұлы сахналас бауырлары үшін алаңдайтынын жеткізді.
Жеңіс Сейдоллаұлы, әнші:
- Енді жазалауға шейін бармайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені, олардың да артында бір біз білмейтін, жаңағы біздің әншілеріміздің аңғалдығын, аңқаулығын пайдаланып, сөйтіп кеткен шығар деп ойлаймын негізі. Жаңағы қулық-сұмдыққа жақын адамдар.
Серік Ибрагимов болса қандай да бір пікір білдіруден ат тонын ала қашты. Сайып келгенде сахналас бауырлары жайлы жаман пікір айтып қаламын деп қорықса керек, сұрақтан бірден жалтарды.
Серік Ибрагимов, әнші:
- Мен оған пікір білдіре алмаймын. Басы қасында жоқпын. Мен білмейді екенмін. Сондықтан да бір пікір білдіріп, ондай ешқашан. Заңға да, заңды да білмейді екенмін. Мен біліп алуым керек қой әңгімені айту үшін. Жоқ, пікірді айтқым келмейді деп тұрмын ғой сол!
Бүгінде аталмыш ломбардтың 15 қызметкері құрықталған. Қала берді, осы мекемені жарнамалаған көптеген әртістер мен вайнерлер тергеліп жатқанға ұқсайды. Кінәләрі дәлелденген жағдайды жауапқа тартылулары да мүмкін екен.