Милан фэшн уиктің шымылдығын түрген «Gucci» өз көрсетілімімен тағы да жұртты таңқалдырды! Әдеттегі сән мінберінен баяғыда-ақ бас тартқан бренд әсерлі шоудың себепкері атанды.
Бұл жолы «Gucci» сахна сыртындағы сәттерді жұрт назарына ұсынуды жөн көріпті. Бэкстейдж халық алдына шығарылып, келген көрермен модельдерді подиумға шығармас бұрын қалай әзірлеп, киіндіретінін тікелей бақылап отырды.
Сән әлемінің мұндай қарбаласқа толы сәті көпті қызықтырғаны сөзсіз! Ал кеште модельдердің басты міндеті - айналмалы сахнада тұру болды.
Су жаңа коллекцияның өзі, театрландырылған қойылымды еске салды. Ондағы үлгілер бірнеше дәуірді тоғыстырғысы келгендей. Мәселен, 70-жылдары трендтен түспеген кең балақ шалбары шілтері жағамен, 60-жылдардың қысқа етек көйлектері шіркеу кіресімен үйлесім тапқан. Сондай-ақ, түрлі-түсті париктер мен барқыт пенжектер келген меймандардың көзіне түсті.
Еске салсақ, «Gucci» биыл әдеттегі шақырту билетінен бас тартқан-ды. Оның орнына, көрсетілімнің қадірлі қонақтары сән үйінің креативті директоры Алессандро Микеленің дауысы жазылған хабарлама алды. Ал топтаманы тамашалауға келген жұлдыздар жетерлік. Слардың бірі - Дакота Джонсон болды.