Отандық дизайнерлердің киімі неге қымбат?

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақстандық сәнгерлерден киіну – қалтаға салмақ салады. Бұл отандық тұтынушы тарапынан біздің дизайнерлерге айтылып келе жатқан басты сын. «Былғары ханшайымы» Айнұр Тұрысбек өз топтамасының кез-келген адамға арналмағанын айтады. Мәселен, Тұрысбектің бір күртешесінің құны 200 мың теңгеден асады. Сәнгердің пікірінше, шығармашылықты түсінетін адам ғана оның үлгілеріне қол жеткізе алады.

Айнұр Тұрысбек, дизайнер:

- Жәй ғана денені жабатын мата емес, дизайнердің қолынан шыққан эксклюзивті дүниені сатып алғыңыз келсе, оның арзан болмайтыны анық. Есесіне, ондай киімді еш жерден таппайсыз».

Ал отандық фэшн саласының пионері Құралай Нұрқаділова болса, қалыптасқан қағиданы жою үшін, жастарға бизнес жасауды үйрету керек деген пікірде.

Құралай Нұрқаділова, дизайнер:

- Жас дизайнерлер көпшілікке арзан бағада, сапасы да көңіл көншітерлік дүние өндіре алмайды. Сондықтан барлығында бірдей қымбат деуге келмейді. Мәселен бізден 3500 теңгеге кепка, ал 5500 теңгеге жақсы поло таба аласыз.

Құралай ханым жастар ақшаның соңын қумай, сапаға көңіл бөлсе деген кеңес берді.

Аруларды әшекей бұйымдарымен ғана емес, киімдер топтамасымен де қуантып жүрген дизайнер Ольга Ким, сән әлеміне қадам басқан жастарға мол мүмкіндік барын айтады. Тек қызығушылық танытып, өз қабілетіңді шыңдай білу қажет.

Ольга Ким, дизайнер:

- Елімізде сән даму үстінде. Мемлекет жас дизайнерлерді қолдайды, түрлі бағдарламалар мен байқаулар, қаржылай көмек өте көп. Бүгінде бәсекелестікке төтеп бере алатын Салта, Аида Кауменова сияқты біршама бренд бар. Олар әлемдік нарықта да танылып үлгерді. Айнұр Тұрысбек те Парижде өз топтамаларын таныстырып жүр.

Осы орайда, тың туындыларымен Парижді бағындырған Айнұр ханым, әлемдік фэшнды бағындыру үшін өз қолтаңбаң болу керектігін айтады.

Айнұр Тұрысбек, дизайнер:

- Париж миллиондаған дизайнерлер шоғырланған қала. Жасаған дүниеңізге өзіңіздің шыққан тегіңізді, туған жердің мәдениеті мен тарихын енгізгенде ғана ол жақта өз орныңызды таба аласыз. Сонда ғана өзгелерден ерекшелене аласыз.