Шетелдік фильмдерде бой көрсетіп жүрген Бибігүл Ақтан отандық картиналарды сынап тастады!

Сообщить о проблеме с эфиром

Әли Оқаповтың тың туындысында басты рөл бұйырған Бибігүл Ақтан, бүгінде сұраныстағы актрисалардың бірі. Өнерпаз өзінің киномансабында талай ресейлік фильмдер мен телехикаяларда бой көрсетіп үлгерген.

Бибігүл Ақтан, актриса:

- Ресейде мүмкіндік өте көп. Сондықтан түсірілімдерге шақырып жатса, мен бірден келісемін.

Екі елде де шығармашылығын шыңдап жүрген Бибігүл отандық жобалардан жиі көрінбейді. Актриса төл туындыларға таңдап қана түсемін деп отыр. Оның айтуынша, еліміздегі картиналардың сапасы сын көтермейді.

Бибігүл Ақтан, актриса:

- Сапасыз фильмдерде ойнағанша, жұмыссыз отырғаным артық. Себебі, жоба түсуге тұрарлық болуы тиіс. Сондықтан кей ұсыныстардан бас тартамын.

28 жастағы бикештің күнделікті өмірі тығыз кестеге түзілген. Шет елдегі түсірілім жұмыстары, спорт және тіл курстары! Осының барлығын қатар алып жүрген Бибігүл енді қазақ тіліне мықтап кіріскен. Бұған себеп, көпшіліктің «қазақша білмейсін» деп бетіне басуы.

Бибігүл Ақтан, актриса:

- Мен талай жыл ұялып жүрдім, себебі біздің қоғамда қазақша білмесең саған қысым көрсетеді. Көпшілік үшін бұл ұят нәрсе. Сондықтан менде комплекс пайда болды.

Әлі күнге дейін тұрмыс құрмаған Бибігүл Ақтан, жеке өмірі туралы да сөз қозғады. Сылқым әзірге арманындағы жігітті жолықтырмаған.

Бибігүл Ақтан, актриса:

- Шынымды айтсам мен жеке өмірім туралы айтпаймын. Дегенмен менің жүрегімді жаулау үшін сөзінде тұра білетін ер азамат болғанын қалаймын.

Бибігүл Ақтан үшін биылғы жыл табысты болмақ. Актриса ресейдің екі бірдей телехикаясына шақырту алып, отандық толықметрлі жобада да бой көрсетпек.