Кенжебек Жанабілов төртінші рет әке атанды! 11 жыл күткен қамшыұстарын әнші сән-салтанатпен, биші, күйшілермен күтіп алды! Сұқбат барысында қатты қобалжыған өнер иесі, қуанышының қойнына сыймай тұрғанын жасырмады.
Кенжебек Жанабілов, әнші:
– Біздің отбасымызда төртінші перзентті Аллаһ Тағала нәсіп етті. Енді 11 жыл болыпты арасы. Өзімізде сол ұлды армандап жүргенбіз. Үлкен ұлымызға кішкене серік болатын, жұмсайтын бір іні болса деп... Өзі де «маған іні керек, маған іні керек» деп біраз жарияға жар салып жүрген еді.
Баласын мейірлене сипаттап берген Жанабілов, бөбектің өзінен аумайтынын айтады. Тіпті, егіз қыздары да бауырларын алғаш көргенде: «Әке сіздің аузыңыздан түсіп қалғандай ғой», - деп таңғалыпты.
Кенжебек Жанабілов, әнші:
-Екі егіз қызым айтады «папа, құлағына дейін сізге ұқсап кетіпті» деп. Енді маған ұқсамай кімге ұқсайды дедім. Мен папасымын ғой десем, күледі екеуі. Салмағы 3-те 50, бойы 45 сондай. Басқасын білмеймін енді, шашы қалың екен, бұйра бұйра... Үшеуі туылған кезде бүйтіп бұйра болып туылмап еді.
Кенжетайына қойылатын атты бүкіл әулет болып, бірігіп таңдаған екен. Есім іздеу барысында ешқандай келіспеушілік туындамапты, керісінше бәрінің ойы бір жерден шыққан.
Кенжебек Жанабілов, әнші:
– Атын «Алиби» деп қойдық. Оны ақылдасып, имам кісілер бар, өзімнің әпкелерім бар. Жұбайым Жәмиләнің әпкесі бар. Бәріміз ақылдасып, бір шешімге келіп солай ойымыз бір жерден шықты. Сосын үйдегі балалардың да ойлары сол болды. Олар негізі Әлихан деп жүрген...
Әншінің сарыла күткен қуанышына өнердегі аға-інілерінің басым көпшілігі жиналды. Салтанаты асқан күтіп алу кешінде сәбиді қымбат маркалы көлігі құтты шаңырағына мінгізіп алып кетті.