«Оскарды» еншілемесем де, қызыл кілемнің жұлдызы атануға міндеттімін! Мәртебелі марапаттың арнаулы жолғаныда төбе көрсеткен кей танымалдар, дәл осы тіркесті ұранына айналдырғандай! Мәселен, биылғы киносайысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Билли Портер тағы да талқыда. Алтын түстес ерекше көйлегімен көзге түскен атышулы актер, бұл салтанатқа ұзақ дайындалса керек.
Есесіне, Леонардо ДиКаприо мен Бред Питт, Антонио Бандерастар классикаға айналған қара смокингті місе тұтыпты.
Жігіттерге қарағанда, нәзік жандылар кешке не киемін деп, әбден бас қатырған сыңайлы. Мәселен, Жанель Моненің тастармен көмкерілген көйлегі, келген қонақтың көзін шағылыстырды.
Натали Портман, Пенелопа Крус, Марго Робби болса, total black-қа таңдау түсірген! Десе де, акртисалар ерекшеленемін деп әуре сарсаңға түспесе де, әрдайым ел аузында. Мұны халықтың сүйіктісіне айналған сылқымдар, баяғыда түсінген.
Ал қызыл кілемнің қадірлі қонағына айналған Спайк Ли сабасына түскендей! Еске салсақ, режиссер өткен жылы «Оскардың» басты жұлдызына айналған еді. Арнаулы жолақта «жақсы көрем», «жек көрем» деген жазуы бар сақинасын көрсетіп, оғаш қылықтар танытса, марапатты табыстау рәсімінде «бас жүлде маған бұйырмады» деп байбалам салғаны тағы бар. Бұл жолы киногер әсте сабырлы.
Спайк Ли, режиссер:
– Былтыр, «Оскарды» табыстағанда әріптесімнің үстіне қарғып мініп, көпті таңқалтқаным бар. Бірақ, биыл бәрі басқаша. Өткен нәрсе өтті. Бүгін «Оскардың» қонағы атанғаныма қуаныштымын.
Айтпақшы, қызыл кілемде киногерлермен қатар әншілер де бой көрсетті. Шараға ағасын ерте келген Билли Айлиш «Chanel» сән үйінің үлгісіне таңдау түсірген.