Шмән апа айтқандай, ырымшыл қазақ бүгінде балаларының танымал жандарға ұқсағанын қалап, ауыздарына түкіртіп жатады. Дәл осындай ниетпен Мейрамбек Бесбаевқа келген жанкүйерінің ұсынысына куә болдық.
Тыңдарманының бетін қайтарғысы келмеген Бесбаев мырза, аталмыш ырымның шығу тегінен бейхабар болып шықты.
Мейрамбек Бесбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Енді мен түкіргенде, маңдайынан сүйемін. Былай тфай-тфай деп қоямыз енді. Бірақ ол зерттейтін нәрсе, неге сондай екенін, қазақтарда неден қалды екен. Негізі түбірі бар ғой ар жағында. Сондықтан бірдеңемен байланысты нәрсе болуы мүмкін, құдай қаласа, білгіштерден сұрау керек оны.
Десе де, бала Мейрамбекке кезінде композитор Нұрғиса Тілендиев пен әнші Алтынбек Қоразбаевтың өздері ырымдап түкіргенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Билер, ақын мен шешендердің сәбидің аузына ишара түрінде түкіруі арқылы халқымыз, сол жандардың қасиеті мен өнері қонып, дариды деп сенген.
Ал білгіш болмаса да, бұл ырымды трендке айналдырып үлгерген Төреғали Төреәлі мен Ернар Айдар, 100-ден аса баланың аузына түкірген көрінеді. Дәл осы әрекеттері үшін елдің сынына ұшыраған інілерін Мұрат Қожа, керісінше, қолдай кетті.
Мұрат Қожа, әнші:
-Кезінде 2000 жылдар көп болған, Нұрлан мен Мұрат деген егіз балдар бар қазір. Аттарын Нұрлан мен Мұрат деп қойып кәдімгідей. Біздің талай тұсауын кескен балаларымыз бар. Ол кезде бізден де бәрі аузына түкірту, тұсауын кестіру, жаңағындай келіп батасын беріп кету дегеннің көп нәрсесінің бәрі болды.»
Ал Баян Алагөзованың мектебінен түлеп ұшқан Алаулықтар жас та болса, «түкіруде тәжірибиесіміз бар»,- дейді.
«Алау» тобы:
-Болса да бірең сараң ғана болды. Бірақ аса бір ол кісілердікіндей абырой жоқ әзірге біздерде. Біз әлі жаспыз, біздің абыройымыз ол кісілердің абыройындай емес, біздің артымызда ағаларымыздікіндей абырой жоқ. Әлі де өзіміздің орнымызды алу үшін жұмыс істеп келе жатырмыз»
Десе де, ұсыныс түсіп жатса, жігіттер кетәрі емес...
«Алау» тобы:
-Түкіріп берерміз..