BAFTA Awards мәртебелі марапаты осымен 73-ші рет өз шымылдығын түріп отыр! Кіл мықты киногерлердің басын қосқан кеште жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған «1917» фильмі болды. Сэм Мэндестің режиссерлығымен таспаланған туынды жеті бірдей мүсіншені еншілеп, рекорд орнатты.
Сэм Мэндес, режиссер:
– Осы фильмді түсіруге атсалысқан командама рахмет! Анау төбеде отырған жандарға алғысым шексіз!
Бірінші дүниежүзідлік соғыстың қиын-қыстау сәттерін баяндайтын лента, енді «Оскар» киномарапатында сайысқа түспек. Онда фильм 10 аталым бойынша бақ сынайды.
Ал Рене Зеллвегердің «Джуди» лентасындағы шеберлігін қазылар алқасы «үздік актриса» аталымына лайық деп таныса, ерлер арасынан «үздік актер» - сөзсіз Хоакин Фенкс. Өнерпаздың «Джокердегі» ойынына таңдай қақпаған жан жоқ, сірә.
Хоакин Фенкс, актер:
– Бұл марапатты еншілеу мен үшін мәртебе! Бірақ киносайыстың ұйымдастырушылары нәсілшіл екенін айтқым келеді. Үміткерлер қатарында түрлі этникалық топтар жоқ. Меніңше бұл мәселені айтатын уақыт келді.
Хоакиннің жан айқайы ұйымдастырушыларға әсте жетуі тиіс! Есесіне, Бредд Питт бұл кеште мінберде сөз сөйлемек тұрмақ, шарада мүлде төбе көрсетпеді. Өнерпазға «Бір күні Голливудта» лентасындағы шеберлігі үшін
«екінші пландағы үздік актер» аталымы бұйырғанды. Әріптесінің мүсіншесін Марго Роббиге қолтықтап қайтуға тура келді.
Марго Робби, актриса:
- Брэдд отбасылық жағдайға байланысты кешке келе алмады. Сондықтан, сәлемдемесін мен арқылы жіберді.
Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағын» еншілеген «Паразиты» картинасы да назардан тыс қалмады. Фильм «ең үздік шетелдік картина» және «ең үздік сценарий» сынды қос марапатқа қол жеткізді.