Лос-Анджелесте тағы бір тың тұсаукесер! Бұл жолы алып шаһардағы Қытай театрында «Бала күтуші» хоррор фильмінің премьерасы өтті. Қызыл кілем, жүздеген папарацци мен фотограф алдында бой түзеген киногерлер. Тіпті олардың арасында «ерек» образымен көзге түскендері де бар.
Арнаулы жолақта «Оно», «Очень странные дела» сынды танымал туындыларда басты рөлді сомдаған Финн Вулфард да көзге түсті. Хоррор бағытында тәжірибиесі мол актер аталмыш лентада да төбе көрсетеді.
Финн Вулфард, актер:
- Мұндай фильмде бой көрсету үшін психологиялық дайындық керек дер едім. Себебі, түсірілім барысында бойыңды қорқыныш билейді. Дегенмен, ұжымға алғыс айтамын, біз өзімізді жайлы сезіну үшін барлық жағдайды жасап берді.
Ал бұл фильмде басты рөлдердің бірі – кішкентай қыздың образын сомдау Бруклин Принске бұйырған. Небәрі 10 жастағы актриса бұған дейін «Angry Birds» мультфильмін дыбыстаған.
Бруклин Принс, актриса:
- Менің хоррорда бірінші рет бой көрсетуім. Сонда да, қорқынышты образды сомдау қатты ұнады. Өте қызық, әрі көңілің бір көтеріліп қалады екен.
Аталмыш лента Кейт есімді бала күтушінің бастан кешкен тылсымға толы оқиғасын баяндайды. Жас тәрбиеші Мэн штатындағы екі жетім балақайға қарайласу үшін аттанады. Сол сәттен бастап, ол мистикалық оқиғаларды басынан кешіреді.
Денна Томсен, актриса:
- Бұл фильмнің режиссері Флоридаға таң қалдым. Әйел адамға көрерменнің көңілінен шығатын сапалы фильм түсіру қиын екені мәлім. Ал, Флориданың қолынан келді деп ойлаймын. Қорқынышты болса да, мағынасы терең.
Ал үрейлі лента отандық көрерменге 30-ші сәуірден бастап жол тартпақ!