Биыл АҚШ киносыншылар гильдиясы марапаты 26-шы рет Лос-Анджелес төріне қызыл кілемін төседі! Айтулы жүлденің жеңімпаздары талқыға қалай түссе, кеш қонақтарының образы дәл солай әрдайым ел аузында. SAG Awards-та сәні мен салтанаты жарасқан сылқымдар көшін Дженнифер Энистон бастады. Ақ атлас көйлек киген ару, бұл күні аса көңілді.
Дженнифер Энистон, актриса:
- Керемет кеш! Барлығы жақсы! Бар айтарым, Дженнифер Энистон бақытты!
Бикештің бақыттан бал-бұл жайнауына себеп те жоқ емес. Сылқым, кинокеште бұрынғы күйеуі Брэд Питтпен бірге көзге түсті. Соған қарағанда экс-ғашықтар арасында махаббат оты қайта маздаса керек.
Скарлет Йохансон да, шарада жалғыз емес! Арнаулы жолақ бойына сүйіктісі Колин Жостты ерте шыққан актрисаға «талғаммен таңдалған образ» аталымы әбден лайық. Armani-дің зүбаржат түстес көйлегі, сылқымның денесіндегі суреттермен керемет үйлесім тапқандай.
Скарлет Йохансон, актриса:
- Әр шараға үлкен жауапкершілікпен дайындалатынымды жасырмаймын. Ол да біздің мамандықтың бір бөлігі дер едім.
Кино майталманы Николь Кидманның бұл жолы да талғамына шүбә келтірмейміз! «Michael Kors» сән үйіне таңдау түсірген ол, көк көйлегімен жүздеген камера обьективі алдында жұлдыздай жарқырады.
Десе де, кинокеште жалт-жұлт етіп, елдің назарын аудартуды көбірек Риз Уизерспун мен Шарлиз Терондар мақсат тұтса керек! Қос сылқым да бағалы тастармен көмкерілген образда, ерекшеліп қалуға тырысқандай.
Шарлиз Терон, актриса:
- Бұл жолы көйлек емес, осындай ерекше үлгіде бой көрсетуді жөн көрдім. Меніңше, образдарға өзгеріс енгізіп тұру керек. Одан бөлек, байқасаңыздар басымда мынандай гауһар тасты әшекей бар.
Дженнифер Лопес болса, total black-ты таңдапты! Қарапайым қара көйлек киген сылқым, әшекей бұымдарым көрінбей қалады деп қорықса керек. Бұл кеште Джей Ло мойнына құны 9 миллион доллар тұратын алқа тағып келген еді.