Жыл бастала салысымен патша әулетіндегі өз өкілеттіліктерімізді тоқтатамыз деген Гарри ханзада мен Меган Маркл әлем жұртшылығын біраз шулатқан еді. Бұл жаңалықты естіген Ұлыбритания патшайымы ашуға мінген деседі инсайдерлер. Дегенмен, уақыт өте Елизаветта II кенже немересі мен келініне батасын беріп, қолдау көрсеткен-ді. Енді Гарри мен Меган қарапайым адамдар сияқты ғұмыр кешпек.
Гарри мен Меган таяуда ғана АҚШ-қа қоныс аударды. Ақсүйектер әулеті мүшелерінің ендігі күнкөрісі көпшілікті сары уайымға салған еді. Себебі, патшалық титулдан бас тартқан отбасы, барлық қаржыдан қағылып отыр.
Алайда, жаңа өмірді бастаған Гарри мен Меганға, ханзаданың әкесі Чарльз Уэльский жәрдемдеспек. Одан өзге, «Fortune» басылымының мәліметінше Меган Марклдың дүние мүлкі 5 млн АҚШ долларына бағаланса, Гарри ханзадаға марқұм анасы Дианадан 13 млн АҚШ доллар мұраға қалған.
Күні кеше Меган Маркл, патша әулетінен кеткелі бері алғаш рет халық алдына шыққан-ды. Бұрындары қатал тәртіпке бағынған ол, көшеде жалғыз серуендеп жүрген кезінде папарацци көзіне ілінді.
Гарри ханзаданың патша әулетінен кетемін деп шешім қабылдауына жұбайы әсер еткен деседі. Ал мәртебелі атақтан бас тартқан Меганның әрекетіне әзілмен қараған желі қолданушылары түрлі мем жасап, көпшілікті күлкіге қарық қылды.