«Bad Boys 3» картинасының тұсауы кесілді

Сообщить о проблеме с эфиром

Бұзақы жігіттер арамызға қайта оралды! Берлинде көптен күткен «Bad Boys 3» картинасының тұсауы кесілді. Фильмнің премьерасында, халықтың көптігінен ине шаншыр жер қалмады. Тіпті, жалынды жанкүйерлер арасында егде жастағы көрермен де жетерлік.

Киношарада фанаттарын көп күттірмей, қызыл кілемде бас кейіпкерлер Уилл Смит пен Мартин Лоуренс бой көрсетті. Кешке жиналған көпшілік киножұлдыздардан қолтаңба алуға асықты.

Уилл Смит, актер:

- Білесіздер ме, ерекше күйдемін! Араға уақыт салып, көрерменмен қайта қауышқан сондай керемет. Жанкүйерлерімізге рахмет.

Арнаулы жолақтағы қызықтар премьераның негізгі бөлімінде де жалғасын тапты. Әрдайым көңілді жүретін Уилл Смит кинокөрсетілім алдында халықпен әндете амандасты.

Кейіннен түсірілім тобы көрерменмен бірге туындыны тамашалады. Еске салсақ, «Bad Boys 3» 1995 жылы жарық көрген, өзі аттас лентаның жалғасы болып саналады. Сиквелдың екінші бөлімі 2003 жылы таспаланған еді. Шытырманға толы лентаға қос полицейдің қызықты оқиғалары негіз етілген.

Мартин Лоуренс, актер:

- Уилл Смитпен бір алаңда жұмыс істеудің өзі керемет. Әйтеуір күнде бір қызықты оқиға болады. Халық та, бұзақы қос полицейдің қызықты оқиғаларын сағынған болар.

Көрерменнің көзайымына айналған лентаның режиссерлық тізгінін бұл жолы

Адиль Эль Арби мен Билал Фалла алған. Қос киногер, сиквелдың идеясын барынша өзгертпеуге тырысқан.

Адиль Эль Арби, режиссер:

- Біз анау-мынау емес, киноәлемінің екі жарық жұлдызымен жұмыс істедік. Сондықтан, артылған жауапкершілікті ақтауға тырыстық.

Ал отандық көрермен қос полицейдің бастан кешкен қызықты оқиғаларын 23-ші қаңтардан бастап тамашалай алмақ!