НТК-да тұсаукесер! Дәл бүгін 60 бөлімнен тұратын – «Қыз қиялы» криминалды-драма көрерменге ұсынылмақ! Сан қилы тағдырларды тоғыстыратын телехикая танымал әнші болу үшін ауылдан қалаға арман қуып келген Әсел есімді арудың оқиғасынан баяндайды. Шытырманға толы лентада басты рөл – эстрада жұлдызын сомдау Жанна Орынбасароваға бұйырған. Бұл - әншінің киноәлеміндегі алғашқы тәжірибиесі.
Жанна Орынбасарова, әнші:
- Осындай күрделі рөлдердің бірі болғандықтан, әрине, актрисалық өзімнің тәжірибемді ең бірінші рет халыққа көрсетейін деп жатқандықтан қобалжып отырмын».
Ал Шапағат Орынбаев үшін әншілермен жұмыс істеу таңсық емес. Десе де «режиссер ретінде Жанна ханымды түсірілім алаңында барынша демеуге тырыстым», - дейді ол.
Шапағат Орынбаев, режиссер:
-Кез-келген әнші негізінде режиссердің көңілінен шыға бермейді. Әрине, басында кішкене қиын болды, ол өз әншілік саласында, джазовый әнші ретінде профессионал, бірақ киноға келгенде қиналғаны рас.
Лентада Жанна Орынбасаровамен бірге дебют алған өзге актерлар жетерлік. Олардың қатарында әнші Зульфия Омарова, Ерсұлтан Адырбеков және жас актриса Әсем Заки бар. Сондықтан да телехикая продюсері Ақылбек Досжанов бастаған БАС продакшн ұжымын қазақ кино индустриясына жаңа есімдер шығаратын фабрика десек артық болмас. Оған мысал, «Бақытсыздар бағы» телехикаясы кейіпкерлерінің бүгінде жарық жұлдызға айналуы.
Ақылбек Досжанов, продюсер:
- Дебют берген дұрыс деп ойлаймын. Әр адамға шанс беріп. Шамалы халқымыз аздау болғаннан кейін бір актерді қайта-қайта көре беру, әсіресе мелодрамада бір образда көріп қалған адамды қайтадан көру қызықтау емес деп ойлаймын.
Ендеше, қапы қалмаңыз! Көп бөлімді криминалды драманың тұсаукесері бүгін кешкі сағат 18-30-да.